
1981 жылы орнатылған Ленин ескерткіші ондаған жылдар бойы жөндеусіз қалған. Қазір оның бетінде жарықтар пайда болып, бетон бөліктері құлап жатыр.
Тұрғындар алаңдаулы, өйткені күнде балалар мен зейнеткерлер осы жерде серуендейді.
— Бұл ауламыздың ортасы ғой, аналар балалар арбасымен келеді, жасөспірімдер велосипед тебеді. Егер құласа, кім жауап береді? — дейді жергілікті тұрғындар.
Мәдениет басқармасы ескерткіштің ресми мәртебесі жоқ екенін айтты. 2009 жылы оны тарихи-мәдени мұра тізімінен шығарыпты. Дегенмен тұрғындардың әртүрлі пікірін ескере отырып, ескерткішті сақтап келген. Қазір оның болашақта пайдаланылуын қарастыру үшін әкімдікке ұсыныс жіберілмек.
Қала тұрғындарының пікірі екіге бөлінген. Бірі монументті алып тастап, орнына балалар алаңын жасауды ұсынады. Екіншілері ескерткішті жөндеп, музей сияқты жаңа мақсатқа пайдаланылса дейді.
Ақырғы шешім әлі қабылданған жоқ. Әзірге Ленин әркім өз түсінігіне қарай қабылдайтын символ ретінде аллеяның ортасында тұр.
Айгүл МАНСУРОВА
Тұрғындар жолдаған сурет
В Атырау +2