
Атырау қаласына қарасты Береке ауылында жаңа медициналық нысанның құрылысы толық аяқталды. Жаңадан салынған амбулатория бір уақытта 25 науқасты қабылдауға қабілетті.
Құрылыс жұмыстары 2025 жылдың ақпан айында басталып, жоспарланған мерзімде аяқталды, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Амбулатория ғимаратында балалар бөлімі, төрт орындық күндізгі стационар, жеке оқшаулау кабинеті, зертхана, стерилизациялық және жуу бөлмелері қарастырылған.
– Бір қабатты амбулатория заманауи талаптарға сай жобаланып, қажетті инженерлік және медициналық инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген. Жаңа нысан ауыл тұрғындарына алғашқы медициналық-санитарлық көмекті қолжетімді әрі сапалы көрсетуге мүмкіндік береді, – деді Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Нұрберген Құсайынов.
Қазіргі уақытта өңірде екі емхана, қос дәрігерлік амбулатория, жедел жәрдем станциясы, радиологиялық корпус және мүгедектерге арналған оңалту орталығының құрылысы жүргізілуде. Сонымен қатар, «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» пилоттық ұлттық жобасы аясында 15 нысанның құрылысы қолға алынған, оның 10-ы пайдалануға беріліп, қалған 5 нысанның құрылысы кезең-кезеңімен жалғасуда.
В Атырау +2