
Атырауда қалалық су жүйесін онлайн-мониторинг арқылы бақылау басталды. Жаңа жүйе апаттарды уақытында анықтап, суды үнемдеуге және тұрғындарға тұрақты, сапалы сумен қамтуы тиіс.
«Атырау облысы Су арнасы» кәсіпорнында қашықтан бақылау диспетчерлік пункті жұмыс істейді. Енді нақты уақыт режимінде кәріздік сорғы станцияларының, су қабылдау қондырғыларының және көпқабатты үйлердегі есептеу құрылғыларының жұмысын көруге болады.
Жобада қаладағы 1 240 үйге су есептегіш орнату қарастырылған. Құрылғылар кіріс желіге орнатылып, мәліметтерді онлайн беру үшін модемге қосылады. Қазіргі таңда есептегіштер көпқабатты 554 үйде орнатылған. Кәріз станциялары да бақылауға қойылған. Үй иелері егер құрылғының қызмет мерзімі бес жылдан асып кетсе, оны ауыстыруы керек. 2030 жылға қарай толық электрондық есептегіштерге көшу жоспарланған.
«Атырау облысы Су арнасы» КМК директоры Мейірім Қалауи автоматизация су шығынын азайтып, тарифтерді тұрақты ұстап тұруға көмектесетінін түсіндірді:
- Біз көбіне судың суару және техникалық қажеттіліктер үшін заңсыз пайдалануын анықтаймыз. Бұған айыппұлдар қарастырылған. Бірақ басты мақсат – су шығынын азайту. Егер ұрлық пен ысырап жалғасса, тарифтерді көтеруге тура келеді. Соңғы 2-3 жылда отын, материалдар мен реагенттердің бағасы 2,5 есе өсті, реагенттердің көбін Ресейден аламыз. Бюджеттен қаржыландыру жоқ, кәсіпорын тек тариф есебінен жұмыс істейді. Сондықтан тұрғындарды және ПИК басшыларын күшімізді біріктіруге шақырамын. Бұл – бүкіл қаланың міндеті, – деді ол.
Диспетчерлік жүйе құбырлардағы қысым өзгерістерін бақылап, апаттарға жылдам әрекет етуге мүмкіндік береді. Қала 600 мм диаметрлі құбырмен қоршалған, әр ауданға су беру деректері енді онлайн қолжетімді.
Жаңа Су кодексіне сәйкес, электрондық есептегіштерді орнату міндетті болып отыр. Жаңа жүйе арқылы инспекторларға үйге келудің қажеті болмайды – деректер қашықтан алынады. Қазіргі таңда диспетчерлік жүйеге оңай қосылатын әртүрлі есептегіштер қолжетімді.
Атыраулықтар енді әр литр судың жүйе арқылы бақыланатынына үйренуі қажет. Оның орнына апаттар азайып, су қысымы тұрақты, болжамды тарифтер болады деп уәде беріліп отыр. Жүйенің қаншалықты тиімді екенін алдағы уақыт көрсетеді.
Айнұр САПАРОВА
Суреттер мен бейнежазбаны түсірген автор
В Атырау +2