
Атыраудағы «Абырой Авто» автосалонына қатысты тергеу органдарының әрекеттері қорғау тарапының шағымымен сотта қаралуда. Бұл туралы «Ақ Жайыққа» астаналық адвокат Жасұлан Рахымғалиев мәлімдеді.
Осы күндері Атырауға еліміздің түкпір-түкпірінен ондаған көлік иелері жиналды. Олар – көліктерін заңды түрде сатып алып, ресми тіркегенімен, кейіннен одан айырылып қалған азаматтар.
Еске сала кетсек, қазір Қылмыстық кодекстің 190-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы («Аса ірі көлемдегі алаяқтық») бойынша қылмыстық іс тергелуде. Тергеу нұсқасына сәйкес, автосалон басшылары көлік сату сылтауымен адамдардың автокөліктерін заңсыз иемденген.
Алайда адвокат Рахымғалиев бұл уәжбен келіспейді. Оның айтуынша, ұрланған дүние – көлік емес, сату-сатып алу шарты бойынша азаматтарға төленбей қалған ақша.
«Көлік иелері темір тұлпарын салонға сатуға тапсырған, мәмілелер жасалған, бірақ ақшасы қайтарылмаған. Демек, ұрланғаны – көлік емес, қаржы», – дейді ол.
Белгілі болғандай, атыраулық тергеушінің қаулысымен көліктердің қозғалысына шектеу қойылған. Алайда іс жүзінде бұл көліктерді тартып алумен аяқталды. Яғни, оларды сатып алып, меншік құқығын тіркеген адал иелерінен алып қойған.
«Біз сот санкциясын да, ресми тәркілеу рәсімін де көрмедік. Тәркілеу дегеніміз – хаттамасы жасалып, куәгерлер қатысатын және сот шешімімен жүзеге асатын процессуалдық әрекет. Мұнда ондай болған жоқ. Бар болғаны – тергеушінің қаулысы ғана. Әдетте мұндай жағдайда тек тіркеу әрекеттеріне тыйым салынады, яғни көлік иесінде қалады, бірақ оны қайта сату не қайта рәсімдеу мүмкін болмайды. Ал бұл жолы одан да әрі кетіп, көліктерді тартып алды», – деп түсіндірді адвокат.
Бұл схемаға шамамен екі жүздей жәбірленуші тартылды. Біреулері көлігін салонға тапсырғанымен, ақшасын ала алмады. Басқалары төлеп, құжаттарын рәсімдеген, бірақ өз көлігін пайдалану құқығынан айырылды.
«Тергеу шараларына қылмысқа еш қатысы жоқ, адал сатып алушылар ілінді», – деп атап өтті адвокат.
Қазіргі уақытта істің басты күдіктілері қамауда отыр. Алайда олармен бірге қарапайым азаматтар да қиын жағдайға тап болды. Мұндай «тергеу әрекеттерінің» қаншалықты заңды екенін сот шешеді.
Анастасия ШЕРСТЯНКИНА
В Атырау +2