Атырау, 5 желтоқсан 21:49
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +2
$ 499.65
€ 582.89
₽ 6.47

Индер ауданының тұрғындары Серік Шәпкеновты шағымдарымен қарсы алды

Бейнежазба
552 рет қаралды

4 қыркүйек күні Атырау облысының әкімі балабақшаның ашылуы мен құрылыс жұмыстары бойынша есеп беру мақсатында Индер ауданына барды. Алайда тұрғындармен кездесуге үш жарым сағат уақыт кетіп, шара шағымдарға ұласқан.

Есеп және жоспарлар

Облыс әкімінің баяндауынша апатты жағдайдағы үйлерді көшіру барысында, яғни 2022-2024 жылдары 13 көпқабатты үйдің 112 пәтерінен тұрғындар көшірілген. Биыл жыл аяғына дейін Жарсуат және Бөдене ауылдарындағы 39 отбасы жаңа баспанаға ие болмақшы. 1322 га жер учаскесі жеке тұрғын салу үшін қажетті инфрақрылыммен қамтамасыз етілген.

ЖЫРҒА АЙНАЛҒАН ЖОЛДАР

Ең басты проблема – жолдар. Индербор тұрғыны Сәлімжан Сапағұлов Болашақ шағын ауданында жұмыстар екі айдан бері тоқтап тұрғанын айтты:

- Біздің жаққа автобус, таксистер жолының жайсыздығынан қашып бармайды, жауынды күндері балшыққа батып жатады. Мектепке, балабақшаға баратын балаларға қиын болып тұр. Мектеп құрылысын бастағанына бес жыл болды, әлі бітетін түрі жоқ, жалғыз қарауылшықтан басқа адамды құрылыс басынан кездестірмейсің,-дейді ол.

«Атырау-Индер» автомобиль жолы да индерліктерді ығыр етіп болған. Тұрғын Жамбыл ДАУТАЛИЕВ:

- Мердігер өткен жылы 25 км қырып тастап оны бітіре алмай тастап кетті. 14 тамызда аудандық Кеңестің ұйымдастырған жиынында мердігер «ТеміржолҚұрылысАтырау» ЖШС-нің қосалқы мердігері жұмыс жүреді деп уәде бергенімен техникалары жол шетінде қаңтарулы тұр. Екі жыл болды, қаншама көлік зардап шекті, қаншасы қирады. Күні кеше жол апаты болып, жап-жас әйел адам өмірден өтіп, сәби анасыз қалды. Себеп жол шұңқырынан қашамын деп көліктер соқтығысып, арты қайғылы жағдаймен аяқталып отыр, - деді. 

Ауданда 5,9 млрд теңге сомаға Индербор, Елтай, Бөдене, Көктоғайда төрт денешынықтыру-сауықтыру кешені құрылысы жүруде. Аққала ауылында су тазарту стансасы жаңартылуда. «Ару-Ана» тұрғын үй кешенінде кәріз жүйесін қосу жұмыстары аяқталған. Сонымен бірге ауданда жол жобасының жалпы құны 6,2 млрд теңгені құрап, кенттің «Болашақ», «Шығыс» мөлтек аудандарында автомобиль және жаяу жүргінші жолының құрылысы жүруде. 

СУБСИДИЯ. ҚОҚЫС. КАДР ДАЙЫНДАУ

Елтай ауылының тұрғыны, фермер Өтеген ҚАРАЖАНОВ шабындық жердің болмауына байланысты көрші облыстан дайындап алуына тура келіп тұрғанын, сол себептен субсидия бөлу мәселесін көтерді. Фермер Анар ІЛИЯСОВА:

- Біз малды асылдандыру бағытында берілетін субсидияны ала алмай келеміз, есептік нөміріміз базаға енбеуіне байланысты қағылып отырмыз. Бұдан бұрын осы мәселені көтеріп, арызымызды үш бағытта жаздық, бірақ жауап ала алмадық. Шомнан салынған (қамыстан) қораға құжаттарды қабылдамай отыр, - деп қосты.

Бұдан кейін сөйлеуші кәсіпкер Ерлан Индербордағы қоқыс алаңының аузы-мұрнынан шығып шашылып жатқанын, ішіне кіру мүмкін емес екенін сынға алса, зейнеткер Фарида ТЕМІРБОЛАТОВА медицина мамандары, әсіресе аллерголог дәрігерінің жестіспеушілігінен қиындыққа тап болып жүргенін, ал Күнсұлу МАСАЕВА екі қабатты үйдің шатырынан су кетіп, иесіздік қамыстын киіп отырғанын, оны апатты деп тану, Қуат ЖАНЕСЕЕВ 1 млрд теңгеге жобаланған Бағырлай каналының жұмысының тоқтап тұрғанын жеткізді. 

Тұрғын Азамат Ислям Елтай ауылында он пәтерлік үй, спорт кешені, саябақ салынып, мектеп пен балабақша күрделі жөндеуден өтіп жатқанын, алайда мәдениет үйі бұрынғы жатақхана орнында орналасқанын айтты. Шағын болғандықтан түрлі үйірмелер мұнда жоқ, ал М. Сиранов саябағын күрделі жөндеуді қажет етіп отыр дейді.

Әкімнің жауабы

-«ТеміржолҚұрылысАтырау» ЖШС «Атырау-Индер» жолын жасауды ұтып алғанымен өз міндеттемелерін орындамады. Келісім шартты бұзып, бөлінген қаржыға байланысты қаншалықты жұмыс атқарғаны анықталады. «Атырау-Орал» жолы 2029 жылы күрделі жөндеуден өтетін болады, оған дейін ой-шұңқырларды бітеу жұмыстары жүруде, - деді Шәпкенов.

Жемшөпке берілетін субсидия биыл қалай болатыны екшеленбекші, бұған дейін 2 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінді. Медицина мамандарын көбейту барысы күн тәртібінде тұр.

Жиыннан кейін тұрғындарды жеке қабылдау  ұйымдастырылды. Алайда, шағымдардың көлеміне қарағанда, Индер ауданындағы проблемаларды толық баяндауға үш жарым сағат та аздық еткен секілді.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

8 қыркүйек, 19:52

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.