
Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпин мен Ресей президенті Владимир Путин Бейжіңдегі әскери парад алдында заманауи технологиялар арқылы адамның өмірін ұзарту мүмкіндігін талқылады. Си Цзиньпин мен Владимир Путиннің әңгімесінің үзінділері Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ынмен бірге Тяньаньмэнь қақпасына көтеріліп бара жатқан сәтінде тікелей эфирге түсіп қалған, деп хабарлайды BBC News Русская служба.
Әңгіме бір минуттан аз уақытқа созылды, кейде үзіліп отырды, сондықтан тек үзінділері ғана естілді, деп хабарлайды Bloomberg агенттігі.
Жазбада Си Цзиньпин қытай тілінде «бүгінгі күндері» және «70 жас» деген сөздерді айтады. (Путин мен Си екеуі де 72 жаста).
Аудармашы оның сөзін орысша жеткізіп: «Бұрын адамдар сирек 70 жасқа жететін, ал қазір 70 жаста да әлі бала болып саналасың», – дейді.
Содан кейін Путиннің бір пікірі анық естілмейді, бірақ аудармашы оны қытайша жеткізіп: «Биотехнологияның дамуы арқасында адам ағзаларын үнемі ауыстыруға болады, сонда адамдар барған сайын жас болып, тіпті мәңгілік өмірге де қол жеткізе алады», – дегенін жеткізеді.
Кейін тағы бір аудармашы — корей тіліне — «ағза ауыстыру» жайлы айтады.
Соңында Си Цзиньпин қытайша қайта сөйлеп: «Болжамдар көрсетіп отырғандай, осы ғасырда 150 жасқа дейін өмір сүруге мүмкіндік бар», – дейді. Осы сәттен кейін камера сөнген.
Путин Қытайға сапарының қорытындысы бойынша өткен баспасөз мәслихатында Симен ұзақ өмір сүру жайлы әңгімелескенін растады.
«Заманауи сауықтыру әдістері, медициналық құралдар, тіпті ағза ауыстыруға байланысты хирургиялық тәсілдер адамзатқа белсенді өмірді бүгінгідей емес, әлдеқайда ұзақ жалғастыруға мүмкіндік береді. Орташа өмір сүру ұзақтығы әр елде әртүрлі, бірақ, соған қарамастан, жалпы алғанда айтарлықтай өседі», – деді ол ТАСС агенттігінің хабарлауынша.
В Атырау +4