
Бір жыл бұрын Атыраудағы бұрынғы қалалық саябақ аумағы мемлекет меншігіне өткен еді. Алайда әлі күнге дейін әкімдік бұл жерді мақсатына сай пайдалануға асығар емес.
Еске салсақ, 2023 жылдың соңында қала әкімдігі тарихи орталықтағы (Пушкин – Шевченко – Балғымбаев – Жарбосынов көшелері аралығы) бұрынғы саябақ аумағына қатысты сотқа жүгінген болатын. Әкімдік бірнеше рет сатылған жер телімінің сатып алу-сату шарттарын заңсыз деп тануды талап етті.
Айта кетерлігі, екі бірдей бас жоспарға (2002 және 2016 ж.) сәйкес, бұл аумақ – жалпы пайдалануға арналған жасыл аймақ болып бекітілген. Соған қарамастан, 20 жылдан астам уақыт бойы жер түрлі компаниялардың қолында болып келді. Оның ішінде кейбір фирмалар бір-бірімен аффилирленгені де анықталды.
Аталған істегі жауапкер – жер телімінің сол кездегі иесі, танымал «Атырауинжстрой-АИС» ЖШС компаниясы болды. Бір қызығы, бұл жерді жеке меншікке беру рәсімін кезінде талапкердің өзі – қала әкімдігі жасаған еді.
Ақырында дау Жоғарғы сотқа дейін жетіп, 2024 жылғы 28 қазанда сот кассациялық тәртіпте істі қайта қараудан бас тартты. Осылайша, жер мемлекет меншігіне түпкілікті қайтарылды. Сол кезде Атырау қаласы әкімдігі «АЖ» редакциясына берген жауабында бұрынғы қалалық саябақ аумағы бас жоспарға сәйкес тек жасыл аймақ ретінде пайдаланылатынын растаған болатын.
Арада бір жыл өткен соң тілшіңіз аталған даулы аумақтың қазіргі жағдайы мен билік жоспарын сұрастырған еді. Бірақ айтарлықтай өзгеріс жоқ болып шықты.
Қала әкімдігі атынан қол қойылған тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімі басшысының у.м.а. Рамиль Халауетдиновтың жауабында тек бұрыннан белгілі ақпарат қайталанған: «Жер телімінің функционалдық мақсаты… ортақ пайдаланудағы жасыл аймаққа жатады».
«Алдағы уақытта ортақ пайдаланылатын саябақ салу үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, бұрынғы қалалық саябақ аумағын көгалдандыру жұмыстары қарастырылады», – делінген әкімдік хатында.
Алайда әкімдік нақты мерзімді – қашан көгалдандыру жүргізілетінін ашып айтпады.
Лев ГУЗИКОВ
В Атырау +2