
Атырау облысында биылғы жеті ай ішінде мемлекеттік және жеке сот орындаушылары 17 млрд теңгеден астам қаражат өндірді.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Атырау облысы Әділет департаментінің басшысы м.а. Гүланда Қыстаубаева мәлімдеді.
Спикердің айтуынша, биыл облыстағы сот орындаушыларының қарауында 233 мыңнан астам атқарушылық құжат болған. Оның ішінде 35,5 мың құжат нақты орындалған. Әсіресе әлеуметтік маңызы бар істерге басымдық беріліп, алимент өндіру бойынша 11 мыңға жуық құжат орындалуда.
Борышкерлердің жауапкершілігін арттыру мақсатында 302 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 5 борышкер қылмыстық жауапқа тартылды. Алимент төлемеген 178 борышкерге сотпен әкімшілік қамақ жазасы тағайындалған. Сонымен қатар 700-ден астам борышкер жұмыссыз ретінде тіркеліп, 520 адам тұрақты жұмысқа орналастырылды.
Басқарма «Робот сот орындаушысы» жүйесін енгізіп, 20 айлық есептік көрсеткішке дейінгі өндіріп алу жөніндегі сот шешімдері мен салық берешектері автоматтандырылған тәртіппен орындалуда. Бұл жүйе жыл сайын шамамен 5 млрд теңгені үнемдеуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар облыста «Құқық кабинеттері» ашылып, ауыл тұрғындарына заңгерлік кеңестер қолжетімді болды. Жүйеге «Е-Заң көмегі» және жасанды интеллект негізіндегі құқықтық кеңес беру сервисі қосылды, ол арқылы кез келген азамат мобильді қосымша арқылы құқықтық ақпарат ала алады.
В Атырау +2