
Геолог ықшамауданының тұрғындары түнде көшелерге масаға қарсы химикат шашылғанына наразы. Мердігер компания ешқандай ескерту жасамай у шашып, ол үйлерде ұйықтап жатқан адамдардың пәтерлеріне кіріп кеткен.
«Біз ұйықтап жатқанбыз»
- Терезе ашық еді, кенеттен өткір иіс сезіліп, бетімді күйдіріп жіберді, — дейді А. Аққұлов көшесінің тұрғыны. — Балам жөтеліп қалды, бүкіл бөлмені химияның иісі жайлап кетті.
Куәгерлердің сөзінше, өңдеу жұмыстары түн ортасында жүргізіліп, шашыраған дәрі тікелей үйлер мен терезелеріне түскен.
- Қалада онсыз да экология ауыр: зауыттар бар, шығарындылар тастайды. Енді түн ортасында у шашып жатыр. Бұған кім жауап береді? – дейді осы көшенің тағы бір тұрғыны.
Тұрғындар мұндай жұмыстардың міндетті түрде ресми ескерту арқылы – хабарландырулар мен әлеуметтік желілерде, нақты уақыт пен мекенжайды көрсетіп жасалуын талап етті.
Әкімдік өкілдері мердігердің кешірім сұрап, «бұл жағдай қайталанбайды» деп уәде бергенін хабарлады.
Айгүл МАНСУРОВА
В Атырау +2