Атырау, 6 желтоқсан 00:01
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +2
$ 499.65
€ 582.89
₽ 6.47

Индербордағы әкімдік пен архивтің күрделі жөндеу жұмыстары марафонға айналды

Сурет
342 рет қаралды

Индерборда әкімдік және архив ғимаратын күрделі жөндеуді шілде айында аяқтаймыз деп уәде берген еді. Алайда мерзім күзге шегеріліп, мекемелер әлі күнге дейін уақытша кабинеттерде жұмыс істеуде.

421 миллион теңгеге не жөнделуде?

1965 жылы салынған әкімшілік ғимараты әбден тозған, өйткені күрделі жөндеу жұмысы бұрын-соңды жүрмеген. Бұл ғимаратта бірнеше мекеме - кент әкімі аппараты, «Индер су» КМК, экономика және қаржы бөлімі, мұрағат, кітапхана, коррекциялық кабинет орналасқан. Биыл әкімшілік ғимараттың күрделі жөндеу жұмысына бюджеттен 421 млн теңге бөлініп, конкурс қорытындысымен «ТенгизТрансҚазақстан» ЖШС жеңіп алыпты.

Бастапқыда мердігер 16 сәуірден 16 шілдеге дейін үш айда жөндеуді аяқтаймыз деп уәде берген. Алайда соңында мерзім 20 қазанға дейін ұзартылды. Компанияның бас инженері Әділжан Бауыржанов кешігудің себебін алғашында Алматыдан ғимараттың сыртқы қаптамасының дайындалуы ұзақ мерзім алатындығымен түсіндірді. Кейін сметада кейбір жұмыстардың көрсетілмей қалғанын мойындады. Сметалық құжаттарды өзгертуге тура келіп, қосымша жұмыстар қамтылған, сөйтіп мерзім тағы шегерілген.

Қазіргі уақытта ғимаратта демонтаж жұмыстары жүргізіліп, шатыры, терезесі ауыстырылып, инженерлік коммуникациялық жүйелері (жылу, жарық, су, кәріз) жаңартылған. Сондай-ақ екі қабатта да әрлеу, ламинат еденін төсеу, есіктерін салу жұмыстары аяқтала келген. Мердігердің мәлімдеуінше, ішкі жұмыстың 95 пайызы атқарылған.  Ғимараттың  кіре берісіне қосымша бөлме жасау, ауланы қоршау жұмыстары жүріп жатса, абаттандыру жұмыстарын жүргізу үшін төсемтас материалдары әкелініп қойылған. Ғимараттың сыртқы келбетін өзгерту үшін қаптау жұмыстары да жүрмекші. Бүгінде осы жұмыстарда 30-шақты жұмысшы жүр. Жергілікті адамдар осы жұмысқа кеңінен тартылған. 

Бұл кімге қиындық тудырды?

Бірақ осы ғимаратта қоныстанушы бірнеше мекеме көшіп-қонып, қысылып-қымтырылып берекеті кетіп жүргенін, жөндеу жұмысының тезірек аяқталуын асыға күтуде. Олардың ішінде коррекциялық кабинетке келетін балалар бар. Архив пен кітапхана да айтарлықтай қолайсыздықтарға тап болдып, әртүрлі мекен-жайларға көшіп кеткен.

Тұрғындар мен қызметкерлер ғимаратқа қашан ораламыз деп күтуде. Алайда «үш айлық жөндеу» жарты жылдық марафонға айналып, сметалар өзгеріп, қосымша жұмыстар қосылып жатқанын бақылаудан басқа амал жоқ

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Суреттерді түсірген автор

28 тамыз, 14:46

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.