
Қызылқоға ауданы Миялы ауылындағы «Бейсеу», «Еспақмола», «Сақал ата», «Бәйгетөбе», «Ескі бекет» қауымындағы зираттар қоршалмағандықтан мал кіріп, тапап жатқан көрінеді.
Оның үстіне су тасқыны кезінде кілкіген судың ортасында қалып, кейбір зираттар опырылып құлап қалған.
- Осы жерде әке-шешем, етене жақын барлық ағайындарым жатыр. Анада келсем, жылқы үйірімен жүр. Оларды зираттың ішінен шығардым, егер қоршау болса, бұлай болмас еді, - дейді миялылық тұрғын.
Ереже бар, қоршау жоқ
Атырау облыстық мәслихатының 2019 жылғы шешімі бола тұра, Қызылқоға ауданында алты жылдан бері бірде-бір зираттар қауымы қоршаусыз жатқан көрінеді.
- Зираттардың қоршаусыз болуы салдарынан мал кіріп, тапап, көлеңкелейтін орынға айналып, аяқасты болып жатыр. Оның үстіне көлік жолы да осыннан өтеді Ауыл тұрғындары осыған реніш танытып, депутаттық қабылдауыма келгенде осы мәселені жиі көтеріп, шешілуін талап етуде. 2023 жылы округ әкімі атына зираттарды қоршау жөнінде депутаттық сауал жолдаған едім. Нәтижесінде 2024 жылы Миялы ауылының айналасына жақын орналасқан бес қауымға 456747 теңгеге жобалық сметалық құжаты жасақталды, - дейді аудандық мәслихаттың депутаты Есенбай НҰРОВ.
Қағаз көп, іс жоқ
28 сәуірде Қызылқоға ауданы әкімінің орынбасары Ерболат ИҒАЛИ ЖСҚ жасақталып, жобаға қажетті қаражатты бөлу жөнінде ықпал етуін сұрап, Атырау облысы энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасына хат жолдайды.
Мәслихат төрағасына да, «AМANAT» партиясына да хат жолданған. «Мәселе қаралады» деген бір жауап берілген.
- Алдағы кезеңде Қызылқоға ауданы бізге ұсынады, біз экономикалық басқармаға жібереміз. Егер де қолдау тапса қаражат бөлінеді, ары қарай облыстық Мәслихат шешеді,-дейді облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Айдулат КЕНЖЕБЕКОВ.
Енді тұрғындар ЖСҚ жылдар өте мерзімін жоя ма деген қорқынышы барын айтуда. «Онда бұл процесс қайтадан жүргізіледі, тағы да оған жылдар кетеді» дейді жергілікті халық мазасызданып.
- Депутат Нұровқа орындаушы тағайындалғаны жөнінде СМС келген. Біз хабарласып, бұл жайдың қалай шешіліп жатқаны жөнінде сұрамақ болғанымен, ештеңе өзгермеді, өйткені осы жайды орындаушы телефон көтермеді, - дейді ауыл тұрғындары.
Жалпы Қызылқоға ауданындағы зираттарға сенбілік кезінде тазарту жүргенімен күтіп ұстауға қаржы қаралмаған. Оның үстіне Қызылқоға ауданында қоршаусыз қалған зираттар мәселесін шешу, неге екені белгісіз, кейінге қалып келеді. Кейбір зират қорымдары ауыл ішінде, үйлерге өте жақын жақын орналасқан.
«Өлі жебемей, тірі байымайды» демекші, зираттарға көңіл бөлетін уақыт жетті дейді тұрғындар бірауыздан. Зираттың қоршауын бірнеше аптада орнатуға болар еді. Бірақ соның орнына алты жылға созылған хат алмасулар қасиетті орынды мал қорасына айналдырды.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
В Атырау 0