
Бүгін әлеуметтік желілерде Атырауда 14 жастағы жасөспірімді анасы мен нағашысы үйден қуып жіберетіні туралы ақпарат тарады. Пайдаланушылардың айтуынша, бала күні бойы көшеден тамақ пен темекі табуға мәжбүр. Туыстары темекі немесе қалдығын әкелмесе, оны үйге кіргізбейді екен.
Сондай-ақ жарияланған мәліметте баланың анасы алкогольге тәуелді екені, денсаулығына байланысты төсекке таңылғаны жазылған. Ал онымен бірге тұратын ағасы да ішімдікке әуес екен. Бұл отбасында үш жасар қыз бала да бар. Айтуларынша, олардың пәтеріне бөгде мас адамдар жиі келеді екен.
Әлеуметтік желілерде тараған ақпаратқа сәйкес, 2023 жылы қамқоршылық органдары бұл балаларды уақытша алып қойған: ұл бала Кәмелетке толмағандарды уақытша бейімдеу орталығына, ал қыз бала сәбилер үйіне орналастырылған. Алайда кейін олар анасымен қайта қауышқан.
Біз ресми түсініктеме алу үшін полицияға жүгіндік. Ведомство 14 жастағы жасөспірімнің бейімдеу орталығына, ал 3 жасар қыздың сәбилер үйіне жіберілгенін растады. Бір жыл бұрын ата-аналық міндеттерін дұрыс орындамағаны үшін ата-анасы әкімшілік жауапкершілікке тартылған екен. Қазір ата-аналық құқығынан айыру мәселесін қарау үшін іс материалдары жинақталып, Кәмелетке толмағандар істері жөніндегі комиссияға жолданбақ.
Атырау облысының балалар құқықтары жөніндегі омбудсмені, қалалық мәслихат депутаты Айжан Сәрсембаева әлеуметтік желілерде жарияланым шыққаннан кейін полицияға жүгінгенін хабарлады. Оның айтуынша, 14 жастағы жасөспірім қайтадан Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына, ал оның 3 жасар қарындасы сәбилер үйіне жеткізілген.
Сәрсембаева сондай-ақ бұл отбасының жағдайы бұған дейін қала әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың ісі жөніндегі комиссияда қаралғанын атап өтті. Оның айтуынша, енді мәселе қайтадан комиссия қарауына шығарылып, онда ата-ана құқықтарынан айыру және балаларды түпкілікті алып қою мәселесі қаралады.
Айнұр САПАРОВА
В Атырау 0