
Облыстық маңызы бар «Атырау-Индер» жолы жұртшылықты қажытып бітті. Құрғақ уәдеден шаршаған жұрт тапсырысшы облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы мен мердігер «ТеміржолҚұрылысАтырау» ЖШС-і басшылықтарының сөзіне сенуден қалған.
Өткен жылы облыс әкімі Серік ШӘПКЕНОВ те күллі тұрғындардың алдында осы жолмен жүріп, көзбен көргенін айта келіп «мәселені шешеміз» дегеннен ары аса алмады. Халық жиналып, жол үстінде бірнеше рет наразылықтар болды. Ақыр соңында билік «егер тағы топ болып жиналатын болсаңдар жауапқа тартамыз» деп қорқытып-үркітуге көшті. Шарасыз қалған индерліктер шұрқ-тесік жолмен әлі жүруде. 14 тамызда аудандық әкімшіліктің мәжіліс залында жол жайын тағы да талқыға салды, өткізуші-қоғамдық Кеңес мүшелері.
«АЖ» анықтамасы:
Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мәлімдеуінше екі жылда «Атырау-Индер» жолының 100 (жол қашықтығы 180 км. Л.Қ.) км жолы орташа жөндеуден өткізілмекші.
2024 жылы Атырау-Индер жолының 117-167 (50 км) шақырымының орташа жөндеуін «ТеміржолҚұрылысАтырау» ЖШС-і жеңіп алды. Жобаның жалпы құны-5,6 млрд теңге, жұмыс екі кезеңге 2024-2025 жылға қаралған. ЖШС әп дегеннен 25 км асфалт жолды қырып тастаумен бастап, соны әлі күнге бітіре алмай, халықты әуре-сарсаңға салып қойды. Алайда 1 млрд 900 млн теңге «ТеміржолҚұрылысАтырау» ЖШС-нің есепшотына аударылып кеткен.
Сонымен қатар биыл 67-117 (50 км) шақырым аралығындағы жолдың орташа жөндеуін «МаңғыстауЖолҚұрылысМатериалдарКомбинаты» ЖШС жеңіп алып, жұмыс 2025-2026 жылдарға белгіленген. Жоба құны - 7 млрд теңге. Күні бүгінде ЖШС 17 км жолды жөндеуден өткізіп үлгерген.
Айта кету керек, бұл жолмен Индербор кентінен бөлек, ауданға қарасты Бөдене, Жарсуат, Ақтан, Қызылжар, Құрылыс ауылдарының халқы қатынайды.
Халық митингіге шығуға дайын
Екі ЖШС, екі түрлі мекеме, жұмыс қарқыны да екі түрлі. Жергілікті халық «ТеміржолҚұрылысАтырау» ЖШС-нің сапасыз жұмысына байланысты басқа мекемеге беру жөнінде талап қоюмен келеді.
- Бұл жол біздің күре жолымыз. Аудан тұрғындарын облыс орталығы Атырау қаласымен байланыстратындықтан барлық азық-түлік, керек-жарақ осы жол арқылы тасымалданады. Науқастар шұғыл облыс орталығына жеткізілетін болса осы жолмен апарылады. Көпір арқылы «Атырау-Орал» трассасымен жүру мүмкін емес, астаң-кестеңі шығып жатыр. Өткен жылы «Атырау-Индер» автомобиль жолы жөнделеді дегенде қуанғанбыз, бірақ мердігер жұмысын атқара алмады. Халық ашу-ызалы,енді осы мәселеге нүкте қоюымыз керек,-деді жиынды ашқан қоғамдық Кеңес төрағасы Жамбыл ДАУТАЛИЕВ.
Мәжіліс залында өткен жиынға мердігер «ТеміржолҚұрылысАтырау» ЖШС-нің бас директоры қатысқан жоқ, Индердегі өкілі ғана келген. Естуімізше директорлықта бастапқыда бір әйел адам болса, кейін халық наразылығынан кейін басшылық ауысқан.

- ЖШС-те басшы ауысып, биыл жаңаша жұмыс жасай ма деп ойлағанбыз, ол үміт ақталмады. Басшылықтың өзара келіспеуінен осы жағдайға жетіп отырмыз. Жалпы халық мердігердің жұмыс қарқынына қанағаттанбай отыр. Қазір қалай айтсақ та халықтың көзі ашық, көкірегі ояу, жасыру мүмкін емес,-деп бастады мінберге көтерілген облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысының міндетін атқарушы Ержан ХАЙНОЛЛАЕВ.
Е. Хайноллаевтың хабарламасынан кейін сұрақтар қарша борады.
Жиналғандар басқарма атына көп сын айтып, кемшіліктерін бетіне басты.
- ЖШС бір айда 3 км жолды төседі, оның да екінші слойы жасалмады. Мердігер мекеменің не техника, не асфалт зауыты жоқ. Олар қалай жұмыс жасауға келіп отыр. Тапсырысшы тарапынан еш бақылау болмады, технадзор қолғапша ауысты. Графикке сай жұмысын кешіктіріп жасағаны үшін келісім шартты бұзу керек еді. Облыстық басқармадан келген маман істің барысы мен кемшілігін екшеудің орнына мердігердің сөзін сөйлеп кетті. Ең болмаса қырып тастаған жолды қалыпқа келтірсін. Сау адам түгілі науқастарды Атырауға жеткізудің өзі қиынға соғуда. Көлік жүргізушілері де зар қақсап отыр, техникалары жиі істен шығуда,-дейді Бөдене ауылының тұрғыны Байжан ШЫҢҒАЛИЕВ.
- Мердігерді біз таңдамаймыз, ашық конкурсқа түсіп, белгілі мекеме техникалық жағдайын қарап қорытындысын жариялайды. Жеңімпаз болып келгесін келісім шарт жасалады. Келісім шартты бұза алмаймыз, заң шеңберінде атқарылуы тиіс. Басқарма атынан сапасыз ісіне байланысты бірнеше рет ескерту беріліп, хаттар жібердік, 750 мың теңге айыппұл да салынды,-деді Е. Хайноллаев.
Жарсуат ауылының тұрғыны Байғали УТЕМАНОВТЫҢ айтуынша «ТеміржолҚұрылысАтырау» ЖШС-нің жұмысы екі айдан бері мүлдем тоқтап қалған, аз ғана техникасы жол шетінде қаңтарулы қимылсыз тұр.
- Халық титықтап, айтқандары орындалмаған соң митингіге шыққысы келді, басу айтып тоқтатып тұрмыз. Бірінші төселімнің шебен тастары ұшып, шашылып қалған. Терең шұңқырлардан жүру мүмкін емес, ал қырылып тасталған жол да тесіліп қалған,- дейді Утеманов.
- Біз бәрін біліп отырмыз, мердігер мекемеге байланысты сотқа дейінгі талап арызымызды дайындап қойдық. Егер қаржы жасалған жұмысқа сәйкес келмесе ЖШС қаржыны кері қайтаратын болады,-дейді Е. Хайноллаев.
Тағы да уәде
...Жиын екі сағатқа созылды. Әбден жол қиындығынан зәрезап болған индерліктер мердігер өкіл Азат КУШМАНОВТЫҢ хабарламасын селқос тыңдады. Ол жұмысты екі-үш күннен кейін жалғастыратынын айтып, тағы да уәде берді.
Ал тапсырысшы облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы мынадай жоспарымен бөлісті. Терең шұңқыр болып қалған жолдарды бітеуді өз міндетіне алатын болды. Ал сот болып біткенге дейін ЖШС жұмысын жалғастыруға мүмкіндігі бар болып шықты.
- Он күннен кейін күз, арты қыс болады. Егер осы жолы жұмыс қарқынды жүрмейтін болса, біз жолды жауып, наразылық танытамыз. Өйткені, бізді осыған жеткізіп отыр,-деді тұрғындар.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
Суреттер мен видоены түсірген автор
В Атырау 0