Атырау, 13 желтоқсан 22:33
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -4
$ 522.91
€ 548.85
₽ 5.05

Көзге көрінбейтін мамандық

7 824 просмотра

«Телевизиялық оператор – телевидениеде ең басты рөлді атқарады. Онсыз жаңалық та,  эфир де жоқ. Дайын бейнематериал болмағандықтан бәрі бекер». Бұл «Қазақстан-Атырау» телеарнасының аға телеоператоры Талғат ҚУАНЫШЕВТЫҢ (суретте) пайымы. Талғатты бүгінде облысымызда халықтың көбі таниды. Оның арнайы дипломы болмағанымен, жиырма жылдық тәжірибесі бар. Ол өз ісіне құлай ғашық, бір мүлт кеткен кадр үшін уайымға салынады. Бұл журналистен кейінгі жаңалық жаршысына айналған телеоператор мамандығына тән қасиет.

ТАЛҒАТ ҚАЛАЙ ТЕЛЕОПЕРАТОР БОЛДЫ?

Талғаттың телеоператорлық қызметі облыстық телеарнада 1992 жылдың 4-қаңтарында басталған болатын. Ол кезде кәсіби телеоператорлардың өзі санаулы еді.

- Мен басында үш ай жүріп ештеңе үйрене алмағаныма, ешкімнің ағалық ақылын қосып тәжірибесімен бөліспегеніне қиналып жүрдім. Кейін ағаларымның тілін табудың кілтін ойлап таптым. Бұрын қайта құру кезеңінен сынық болып қалған өзекті «дәстүр» бар болатын. Бұл пара екен деп ойлап қалмаңыз. Басқа нәрсе, ашып айтпаймын, - дейді Талғат. – Менің ең алғашқы жұмысым - Алмалы ауылындағы судың тасуын түсіруден басталды. Біз журналист екеуміз Алмалыға қарай бағыт алдық. Сонда біз екеуміз де сұхбат берген кісіден кейін камераны өшіретін нүктесін таба алмай, басқа тілде жазылған жазуға түсінбей әбігерге түскеніміз рас. 

Тағы бірде Талғат бір журналистпен бірге шалғай ауданға өзекті материал түсіруге барып тұрғанда, бейнекассетаның жұмыста ұмыт қалдырғанын байқайды. Сөйтіп, әлгі қасындағы журналист ауыл тұрғындарынан ұят болмасын деген ниетімен, түсіріп жатқан кісі ұқсап, ештеңені білдіртпе деп кеңес айтады. Осылайша, «керемет бейнематериал» түсіріп әкелгенсіген түсіру тобы телеарна басшысына кассетаның аяқ астынан оралып, бүлініп қалғанын айтып құтылған. 

Өзінің жұмысына дән риза Талғат мамандығын өзге салаға ауыстырғысы жоқ. Замандастарының да Астана, Алматыға неге бармайсың деген қолқалауына да ергісі келмейді. Ол үшін өзінің кіндік қаны тамған жері маңызды. Әрі ол мансап пен әсіремақтауды суқаны сүймейді.  

ТЕЛЕОПЕРАТОР КӨЗІМЕН...

Телеоператор мамандығы – қай заманда да өлмейтін, өшпейтін, таптырмайтын кәсіп. Талғат республикалық «Қазақстан» телеарнасына телеоператорлардың біліктілігін арттыру курсына барғанда талай әріптестерінің  өз ісіне шын берілгендігіне куә болып, көкейіне көп нәрсені түйіп қайтты. Ол өзі де кәсібін ерекше ұнататынын айтады. Жанқиярлық әрекет еткенді қалайтын сала түрі қалғуды, мүлгуді білмейді.  

Телеоператор жұмысының қызығы да, шыжығы да көп. Оны кәсіп деп қана қарауға болмас. Бұл кәсіптің адамның жеке өмірімен біте қайнасып кететіні сондай, отбасына бөлетін уақыт та тапшы болып жатады. Телеопеатордың да кей мамандар секілді бүкіл бір тәулік бойына жұмыс істейтін кездері аз емес.

«Жақсы телеоператор болу үшін телеарналардан жаңалық көріп, көбірек оқып ізденген жөн. Одан бөлек, халықтың көргісі келген маңызды кадрларды қалт жібермеуге тырысу қажет. Телеэкран бетінде болған жайттың суреті кеңірек баяндалу үшін керемет бейнематериалдарды ала келу керек. Себебі, біздің жұмысымызда кадрлар бәрін шешеді. Бүгінгі түсірілген бейнематериал ертеңгі тарихтың куәсі. Халық сол жерде болған оқиғаны үйден шықпай-ақ біздің көзімізбен көріп, жағдайға қанық болады», - дейді Талғат.

Расында да, тарих безбені ертеңгі күні телеоператордың мұрағатта сақтаулы тұрған жұмысымен өлшенеді. Бұл баға жетпес дәйек болып қалмақ.

Айнұр АСЫЛБЕКҚЫЗЫ

Суретті түсірген В.Истомин

20 сәуір 2011, 22:44

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.