
"Зауыт заң аясында жұмыс істейді, ПДК асып кету жағдайы тіркелген жоқ" - зауыт осылайша Перетаскадағы Шәкімов көшесі тұрғындарының шу, діріл және оның аумағынан шығады деген иіске қатысты шағымдарына жауап берді.
Тұрғындардың мәселелері туралы жарияланған материалдан кейін кәсіпорын ресми мәлімдеме жасады. Баспасөз қызметі зауыт қызметін экологиялық және санитариялық нормаларға сәйкес жүргізетінін хабарлады. Өндіріс барысы басшылықтың да, уәкілетті мемлекеттік органдардың да бақылауында делінген.
Онда сондай-ақ 2025 жылдың сәуірінен бастап АМӨЗ-дің санитариялық-қорғау аймағында тәуелсіз ұйыммен бірлесіп экологиялық зерттеу жүргізіліп жатқаны атап өтілді. Оның мақсаты - зауыттың қоршаған ортаға әсерін бағалау және СҚА шекарасын түзету.
"Зауытта орнатылған экологиялық мониторинг жүйесінде ауаны бақылаудың төрт автоматты станциясы бар. Ішкі және сыртқы бақылау деректері бойынша маусым және шілде айларында күкіртсутегінің рұқсат етілген шекті концентрациясының асып кету дерегі тіркелген жоқ. Кәсіпорын штаттық режимде жұмыс істеді. Сонымен қатар, бірқатар технологиялық қондырғыда шығарындыларды онлайн-бақылау жүйесі енгізілді. Ластаушы заттар туралы деректер әр 20 минут сайын автоматты түрде "Қоршаған ортаның жай-күйі туралы ұлттық деректер банкіне" түседі", - делінген баспасөз хабарламасында.
АМӨЗ диалогқа дайын екенін баса айтып, "Ақ Жайықтан" ақпараттың ресми көздеріне сүйенуді сұрады.
Айта кету керек, зауыттың жанында жылдар бойы тұрып жатқан тұрғындар да бақылау жүргізеді. Әрине, оларда керемет датчиктер жоқ және олардың деректері әр 20 минут сайын орталықтандырылған жүйеге жіберілмейді. Бірақ есту және иіс сезу қабілеттері сол құрылғылардан кем емес, әсіресе гүрілдеп, дірілдегенде немесе белгілі иіс шыққанда.
Анастасия ШЕРСТЯНКИНА
В Атырау +4