
Атырау қаласындағы С.Шәкімов көшесінің тұрғындары Атырау мұнай өңдеу зауытынан шығатын иіс пен көшеге қоғамдық көліктің қатынамауына байланысты алаңдаушылық білдіріп, №10 сайлау округінен сайланған қалалық мәслихат депутаты Болатбай Нұрқалиевпен кездесті.
Тұрғындар АМӨЗ-дің факелі жанғанда пайда болатын діріл мен қатты дыбыстың күнделікті өмірге қолайсыздық тудыратынын, ал жел зауыт жақтан соққанда ауада жағымсыз иіс таралатынын айтып, бұл жағдайдың денсаулыққа кері әсер ету қаупін алға тартты.

Сондай-ақ, С.Шәкімов көшесіне қоғамдық көлік қатынамайтыны - әсіресе мектеп оқушыларына қиындық тудырып отырғаны айтылды.
- Балалар №6 мектепке тасымал арқылы барады. Бірақ оған дейін өткелден өз беттерімен өтіп, шамамен 2 шақырым жаяу жүруге мәжбүр. Біз балалардың қауіпсіздігіне алаңдаймыз, – деді тұрғындар.
Кездесу барысында депутат Болатбай Нұрқалиев айтылған мәселелер бойынша тиісті органдарға депутаттық сауал жолдайтынын және жағдайды бақылауда ұстайтынын жеткізді.
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ
В Атырау +4