
Қазақстанда 2024 жылы жол-көлік апаттары саны күрт өсті. Мемлекеттік Денсаулық сақтау министрлігінің бас травматологы, Ұлттық травматология және ортопедия ғылыми орталығының директоры Олжас Бекарисовтың мәлімдеуінше, жыл басынан бері 31 мыңнан астам жол-көлік оқиғасы тіркелді, бұл 2023 жылмен салыстырғанда екі есе көп. Апаттар салдарынан 40 мыңнан астам адам түрлі дәрежедегі жарақат алды, 2 452 адам қаза тапты.
Жол апаттарының басым бөлігі қалаларда болады — 72%-ы, ал 14%-ы ауылдық жерлерде, 13%-ы трассаларда тіркеледі. Жедел жәрдем қызметіне шақырулардың жалпы саны 741 мыңнан асып, оның 5,5%-ы — жол апаттарына байланысты.
Бас травматологтың айтуынша, жылдамдық режимін сақтамау апаттардың ауырлығына айтарлықтай әсер етеді. Мысалы, орташа жылдамдық 1 км/сағ-қа артса, апаттардың ықтималдығы 3%-ға, ал өлімге әкелетін жағдайлардың қаупі 4-5%-ға көбейеді. 80 км/сағ жоғары жылдамдықпен соқтығысқанда жаяу жүргіншінің қаза болу ықтималдығы 90%-дан асады. Қалалық жолдарда жылдамдықты 60-тен 50 км/сағ-қа дейін төмендету жаяу жүргіншілердің өлімін 30-40%-ға азайтуға мүмкіндік береді.
Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, жылдамдықты бақылаудың жүйелі енгізілуі жол-көлік оқиғаларының санын 20-25%-ға төмендетуге көмектеседі. Сонымен қатар, қауіпсіздік белдіктерін пайдалану өлім қаупін 40-50%-ға, ауыр жарақат алу қаупін 25%-ға азайтады.
Мамандардың ескертуінше, жолда қауіпсіздік ережелерін сақтау әр адамның өмірін сақтап қалуы мүмкін.
В Атырау +1