
2025 жылғы 27 маусымда Астана — Қазақстандық Altyn Shyghys өңдеу зауыты Қытайға тазартылмаған күнбағыс майының партиясын жеткізеді. Бұл өнім Қытай Халық Республикасы астық резервтерін қалыптастыруға жауапты Sinograin мемлекеттік компаниясының тапсырысы бойынша қытайлық CITIS Construction Co Ltd. корпорациясы арқылы тасымалданады.
Жоба аясында қазақстандық кәсіпорын күнбағыс тұқымын қайта өңдеп, дайын майды Аспан асты еліне экспорттауды жоспарлап отыр. Бұл жеткізу Азық-түлік келісімшарт корпорациясының ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорттық партияларын шоғырландыру бағдарламасы арқылы жүзеге асады. Бағдарлама фермерлер мен өңдеушілерді мемлекеттік қолдау мақсатында шағын көлемдегі өнімдерді толыққанды экспорттық партияларға біріктіріп, шетелдік тұтынушыларға жөнелтуді қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, тасымалдау толықтай оператордың бақылауында болады.
2024 жылы осы бағдарлама аясында Қытай мен Орталық Азияға жалпы құны 20 миллион доллар болатын дәнді және майлы дақылдардың 6 экспорттық келісімшарты жасалды. Биылғы жылы Азық-түлік келісімшарт корпорациясының арқасында ҚХР-на қазақстандық өндірістің 1,6 мың тонна жемдік ұны жеткізілді.
Дайын өнімнің халықаралық нарықтарға шығуына салалық министрлік, Азық-түлік келісімшарт корпорациясы және халықаралық әріптестердің бірлескен жұмысы ықпал етеді. CITIC Construction компаниясымен келісімшарт Астана мен Бейжіңде өткен екіжақты кездесулердің нәтижесі болды. Қытайлық инвесторлар мен компаниялармен белсенді диалог тұрақты түрде жүргізіліп келеді.
Қазақстанның аграрлық саясаты терең өңдеуге баса назар аударуда. Шоғырландыру бағдарламасы және үшжақты форвардтық сатып алу жобалары арқылы корпорация отандық өндірушілердің сыртқы нарықтарға шығуына көмектесіп, өңірлердегі қайта өңдеу қуаттарының жүктелуін арттырады. Бұл ішкі нарықта қосымша құн құруға және шағын әрі орта фермерлерге қолдау көрсетуге мүмкіндік береді.
CITIC Construction Co. Ltd – инфрақұрылымдық, өнеркәсіптік және аграрлық жобаларды жүзеге асыратын CITIC Group-тың қытайлық мемлекеттік еншілес компаниясы. Қазіргі уақытта компания Қазақстанда астықты терең өңдеу зауытын салу мүмкіндігін қарастыруда.
В Атырау -1