Атырау, 7 желтоқсан 12:23
 ашықВ Атырау -1
$ 504.49
€ 587.73
₽ 6.57

Қытай Жамбылда "жүгері алтынына" 800 млн доллар салмақ

356 рет қаралды
Сурет: freepik.com

Қытайлық Fufeng Group Жамбылда 800 млн долларлық агроөнеркәсіптік жоба бастайды.

2025 жылғы 26 маусымда Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров пен Қытайдың Fufeng Group компаниясының өкілі Ван Яньдун арасында Жамбыл облысында жүгеріні терең өңдейтін зауыт салуға қатысты инвестициялық келісімге қол қойылды.

Келісім Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпиннің Қазақстанға сапары аясында қол жеткізілген екіжақты экономикалық ынтымақтастықты тереңдету туралы уағдаластықтардың нәтижесінде жүзеге асырылып отыр.

АШМ басшысы бұл жобаның стратегиялық маңызын атап өтіп, Министрлік тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілетінін айтты.

Алғашқы кезеңде Fufeng Group (жоба ЖШС «Shengtai Biotech» арқылы іске асады) 350 млн АҚШ долларын инвестицияламақ. Жалпы жобаның құны 800 млн долларға бағаланып отыр.

Жоба аясында жылына 1 миллион тонна жүгері өңдеуге қауқарлы тік интеграцияланған өндірістік кешен салынады. Онда крахмал өндіретін зауыт, үш биоферментациялық зауыт, көмірмен жұмыс істейтін жылу электр станциясы мен ағынды суларды тазарту нысандары болады. Келешекте тұз қышқылы мен сұйық аммиак өндірісі де жолға қойылмақ.

Кешенде аминқышқылдары мен жемшөп қоспалары: лизин, глутамин, лейцин, треонин және өзге де өнімдер өндіріледі. Өнімдердің негізгі экспорттық нарықтары ретінде Еуропа, Солтүстік Африка және Таяу Шығыс елдері қарастырылып отыр.

Кешеннің өндірістік қуаттарын іске қосу 2029 жылға жоспарланған. Ал 2032 жылға қарай зауыт жылына 5 млн тонна жүгері өңдеуді көздеп отыр.

Жобаны дайындау аясында инвестор 2025 жылы 500 мың тонна жүгері сатып алмақ. Ал 2026 жылдан бастап жергілікті шаруашылықтармен форвардтық келісімшарттар жасалады деп жоспарлануда.

26 маусым, 14:34

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.