Атырау, 25 желтоқсан 18:04
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -1
$ 515.89
€ 536.32
₽ 5.17

Балалардың қызығына қол салған кім?

4 439 просмотра

Сейсенбі күні Махамбет көшесінің №118 «а», «б», «в», «г» үйлерінің тұрғындары редакцияға шағымданып, былтыр ғана салынған балалардың спорт алаңын бұзып, орнына «Атаба» супермаркетін салғалы жатқанын хабарлады. Біз оқиға орнына жетіп, жағдайға қанық болдық. Расында да, тұрғындардың алаңдайтындай жөні бар.

Тұрғынүйішілік аулада тұрған алаңды алып тастаудың еш мәнісі жоқ. Себебі, бұл жерде осы алаңнан басқа балалардың ойнайтын жері қалмаған. Аяқ аттам жерде кептелген көлік, бітпеген құрылыс және қиқы-жиқы орналасқан ғимараттар. Спорт алаңының бұзылуына қарсы болған тұрғындар атынан Махамбет көшесі, №118 «а» үйдің тұрғыны Валентина Мельникова сөйледі: «Балаларымыздың жалғыз ойнайтын жері осы - балалар ойын алаңы еді. Оны да құртқалы жатыр. Біз, тұрғындар, бұған үзілді-кесілді қарсымыз. Сәуірдің 18-і күні демонтаж жасай бастады. Енді міне, құрылыс материалдарын әкеліп қойыпты. Біз ПИК төрағасымен бірге олардың жұмысын айқай-шумен әрең тоқтаттық. Бірақ, ертең тағы да жұмыстарын жалғастыратын болса, біз қол қусырып қалмаймыз. Қалай да, ойын алаңын бұздырмауға күш саламыз».

Тұрғындар қазірдің өзінде наразылықтарын ресми түрде ашық білдіріп жатыр. Олар облыс әкімі Бергей Рысқалиевке және облыс прокурорына ұжымдық хат жолдамақшы.

Махамбет көшесі, №118 «г» үйдің тұрғыны Ольга Коноваловаболса, «біздің үйдің қасында «Идеал» супермаркеті бар, дүкендер толып тұр. Ал егер ертең тағы бір супермаркет салынатын болса, ол кімге тиімді? Және бұл құрылысқа қарсы болған халық бармайды ғой онда. Балалардың жағдайын ойламаса да, соны неғып ойламайды?» дейді.

Тұрғын үй секторының ауласында бұзылғалы жатқан алаңның жанында, яғни «Насиха» пассажында паркинг салынғалы тұр. Осы үйлерді балансында ұстап отырған «Әли» ПИК-і төрағасы Амантай МҰСТАФИН де нақты кімнің не салғалы тұрғанын білмейді. Бірақ, ол да өз тұрғындары секілді балалардың қызығына айналған ойын алаңына көз сұққан адамға түсінбей отыр.

Бұл мәселеге қатысты қалалық құрылыс бөлімінің бастығы Виктор ЦОЙ «қалалық сәулет бөлімі спорт алаңының орнына жерді дұрыс бөлмеген» дейді.     

Ал мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасындағылар «Атаба компания тобы» ЖШС-не рұқсат бергенін растап отыр. «Қала әкімінің 2010 жылдың 14-маусым күнгі №630 қаулысымен Махамбет көшесі №118 г үйіне жалғасып жатқан 0,1200 га жер алаңын алып жатқан учаскеде дүкен құрылысын салуға – аумақты қоршауға, үстіңгі қабатын кесуге, құрылыс материалдарын әкелуге рұқсат берілді, - деді мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы бастығының орынбасары Мақсот ЕСІМОВ.  

Үй алдындағы аумақтың кімге тиесілі екеніне қатысты қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің бастығы орынбасары Сләмғали СМАҒҰЛОВ былай деп жауап берді:«Бұл жағдайда ПИК тұрғындармен бірге кондоминиум ұйымдастыру керек еді. Кейін жер учаскесін барлық ойын алаңымен бірге басқа да ғимараттарды өзіне рәсімдеу керек. Сонда ғана мемлекеттік органдар осы учаскеге байланысты өз әрекеттерін тұрғындармен келісіп жасар еді».

Айнұр АСЫЛБЕКҚЫЗЫ 

Суретті түсірген автор

20 сәуір 2011, 21:43

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.