
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі балалардың денсаулығын сақтау және нығайту мақсатында жазғы кезеңге арналған «Салауатты жаз – 2025» атты жыл сайынғы профилактикалық науқанын іске қосты.
Науқан жазғы маусымды қамти отырып, медициналық қарап-тексерулерді, білім беру акцияларын және мектеп медицина қызметкерлерін оқытуды ұйымдастыруды көздейді.
Жылжымалы медициналық кешендер өңірлер мен ауылдық елді мекендерге барып, педиатрлар, офтальмологтар, стоматологтар, хирургтар және басқа да мамандар балаларға қызмет көрсетеді. Сонымен қатар, негізгі кезеңде медициналық тексеруден өтпеген балаларға қосымша қарау жұмыстары жүргізіледі. Медициналық ұйымдарда «Ашық есік күндері» және «Өз денсаулығыңды тексер» акциялары тұрақты өткізіледі.
Созылмалы аурулары бар балаларға ерекше назар аударылады, оларға қажетті ем-шаралар мен бақылау қамтамасыз етіледі.
Сонымен қатар, науқан аясында бұқаралық ақпарат құралдары, әлеуметтік желілер, мектептер мен жазғы лагерьлерде ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Ата-аналар мен балаларға инфекциялық аурулардың алдын алу, қауіпсіздік пен психоэмоционалды денсаулық мәселелері бойынша ақпараттық материалдар ұсынылады.
Тамыз айында оқу жылы басталар алдында мектеп медицина қызметкерлерін алғашқы көмек көрсету, дұрыс тамақтандыру және балаларды психологиялық қолдау бағытында оқыту басталады.
Денсаулық сақтау министрлігі ата-аналарды науқанға белсенді қатысып, балалардың жазғы кезеңдегі денсаулығын нығайтуға шақырады.
В Атырау -1