Атырау, 7 желтоқсан 12:28
 ашықВ Атырау -1
$ 504.49
€ 587.73
₽ 6.57

​Тоқаев судьяларды кәсіби мерекесімен құттықтады​

327 рет қаралды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сот жүйесінің өкілдерін құттықтай отырып, олардың заң үстемдігін нығайтудағы және әділетті Қазақстанды құрудағы маңызды рөлін атап өтті. Президент судьялар мен сала ардагерлеріне өз кәсібіне адалдығы үшін алғыс айтып, сот төрелігі саласындағы жалғасып жатқан реформалардың маңыздылығын атап өтті. 

"Құрметті Судьялар және сот қызметкерлері!

Биыл – сот төрелігін атқаруға жауапты азаматтар үшін айрықша маңызды жыл. Себебі, осыдан 30 жыл бұрын ел егемендігінің, адамдардың құқықтары мен бостандықтарын сақтаудың мызғымас тірегі саналатын Қазақстан Конституциясы қабылданды.

Қуатты әрі тәуелсіз сот жүйесі құқық үстемдігін қамтамасыз ету, сондай-ақ «Заң және тәртіп» қағидатын орнықтыру ісінде шешуші рөл атқарады. Сондықтан біз осы стратегиялық маңызы бар салада жүйелі түрде реформа жүргізіп келеміз. Сот ісі жетілдіріліп, басқару үдерістері оңтайландырылып, осы салаға цифрлық технологиялар енгізіліп жатыр. 1 шілдеден бастап қылмыстық, азаматтық және әкімшілік істер жөніндегі үш дербес кассациялық сот жұмыс істей бастайды. Бұл қадам азаматтардың және бизнестің өз құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға арналған институционалдық мүмкіндігін едәуір аттырады.

Жұртшылықтың әділдікке деген сенімі көбінесе судьялардың кәсіби біліктілігіне, кез келген істі қараған кезде ұстанымына берік болып, бейтараптық таныта алуына тікелей байланысты. Осы маңызды әрі жауапты миссия терең құқықтық білімді, заң үстемдігін үнемі бәрінен биік қоюды талап етеді.

Сот қызметкерлері мен ардагерлеріне қажырлы еңбегі мен өз кәсібіне адалдығы үшін шынайы ризашылығымды білдіремін.

Сіздер Әділетті Қазақстанды құру ісіне өлшеусіз үлес қоса бересіздер деп сенемін!

Баршаңызға зор денсаулық, бақ-береке, толағай табыс тілеймін!"

24 маусым, 09:56

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.