Атырау, 7 желтоқсан 12:28
 ашықВ Атырау -1
$ 504.49
€ 587.73
₽ 6.57

Президент: «Азаматтар заңды қорыққаннан емес, сеніммен сақтауы керек»

368 рет қаралды
Сурет: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құқық қорғау органдарының кеңейтілген алқа мәжілісінде сөз сөйледі.

Қасым-Жомарт Тоқаев:

«Бүгін елімізде – Полиция күні және Мемлекеттік қызметші күні аталып өтуде. Сондықтан, алдымен, еліміздегі полиция қызметкерлері мен мемлекеттік қызметшілерді кәсіби мейрамдарымен құттықтаймын.

Мемлекетке қызмет ету – ең құрметті әрі аса жауапты міндет. Сіздер заң мен тәртіпті сақтауға және азаматтардың құқығын қорғауға зор үлес қосып жүрсіздер.

Қазір дүние жүзі алмағайып, бұлыңғыр, яғни, өте күрделі кезеңді бастан өткеруде. Осындай құбылмалы уақытта қоғамдық қауіпсіздікті сақтау, заңның мүлтіксіз орындалуын қамтамасыз ету – айрықша маңызды міндет.

Сол себепті, бүгін біз алғаш рет осындай құраммен жиналып отырмыз. Құқық қорғау жүйесіндегі барлық жауапты құрылымдар жұмыла жұмыс істеуі қажет.

Елімізде «Заң мен тәртіптің» қатаң сақталуына қоғам өкілдерінің қосар үлесі де орасан зор. Қазір осы жиынға орталық және жергілікті атқарушы орган басшылары, депутаттар, сарапшылар және белсенді азаматтар қатысып отыр.

Күштік құрылымдарды жаңғырту ісінде жаңа буынның атқаратын рөлі ерекше. Сол себепті, бүгінгі басқосуға академиялардың курсанттары да арнайы шақырылды.

Трансұлттық қылмыстық топтармен күресу үшін халықаралық ынтымақтастықты дамыту өте маңызды. Осы жерде бүгін шетелдік полиция атташелері отыр. Құқық қорғау органдарымен жүргізіп жатқан халықаралық ынтымақтастық жұмысы үшін Сіздерге ерекше ризашылығымды білдіремін».

«Соңғы жылдары елімізде барлық салада ауқымды реформалар жасалып жатыр. Мемлекеттің саяси жүйесі мен экономикалық құрылымы түбегейлі жаңғыруда. Ел ішінде жоғары құқықтық мәдениет қалыптасып келеді. Азаматтық жауапкершілік идеологиясы берік орныға бастады. Бұл – біздің стратегиялық бағдарымызға тән аса маңызды басымдық.

Мемлекет құқық қорғау жүйесін жетілдіруге және барлық салада заң мен тәртіп орнатуға баса мән береді. Осы бағытта нақты нәтижеге қол жеткіздік.

2019 жылдан бері қылмыстық құқықбұзушылық саны шамамен екі есе азайды. Соның ішінде қарақшылық, тонау, ұрлық пен бұзақылық деңгейі 4 есе төмендеді, ал кісі өлтіруге қатысты қылмыстар 30 пайызға кеміді. Қоғамдық орындардағы қылмыс саны 80 пайызға азайды. Бұл – азаматтарымыз көшеде ештеңеден қауіптенбей, алаңсыз жүре алады деген сөз».

«Келесі маңызды міндеттің бірі – отбасылық зорлық-зомбылықпен күрес және әйелдер мен балаларды қорғау. Осы бағытта заңнамалық, институционалдық тұрғыдан батыл қадамдар жасалуда. Отбасылық зорлық-зомбылық жасағаны үшін берілетін жаза едәуір күшейтілді. Бір жыл бұрын тиісті заң қабылданды. Заңға енгізілген түзетулер мен басқа да шаралар нақты нәтиже бере бастады. Орташа және ауыр деңгейдегі отбасылық-тұрмыстық қылмыс саны жыл басынан бері 30 пайызға төмендеді.

Жалпы, соңғы 5 жылда әйелдерге қатысты құқық бұзушылықтар екі есе азайды. Ең бастысы, қазір қоғамдық сана түбегейлі өзгеріп жатыр. Азаматтарымыздың бойында отбасындағы қатігездік пен озбырлыққа мүлдем төзбеушілік қасиеті қалыптасуда.

Зардап шеккендерге қол ұшын беретін, ал құқық бұзушыларды жазғыратын қайырымды қоғам орнығып келеді. Елімізде «Қазақстан балалары» атты арнайы бағдарлама әзірленіп жатыр. Құжатта өскелең ұрпақтың мүддесін қорғауға арналған маңызды тетіктер ұсынылмақ.

Нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы кешенді жұмыс атқарылуда. Биылдың өзінде 83 есірткі зертханасы жойылып, айналымнан алынған есірткі заттарының көлемі 84 пайызға ұлғайды. Есірткі өндіргені үшін берілетін жаза қатаңдатылды. Тіпті, өмір бойы бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Бірақ бұл саладағы жұмыс әлі де толығымен біткен жоқ, түйткілдер жеткілікті, шешілмеген мәселелер еліміздің қауіпсіздігіне, тұрақтылығына сын-қатер төндіруде. Бүкіл қоғамды алаңдатып отырған ең қауіпті үрдіс: жастар нашақорлыққа үйір бола бастады. Бұл – үлкен қатер, оны жасырмауымыз керек.

Қазақстанда кірісті жылыстатуға және терроризмді қаржыландыруға қарсы күрестің халықаралық озық стандарттарға сай тиімді жүйесі қалыптасты. 2019 жылдан бері ЖІӨ-дегі көлеңкелі экономиканың үлесі 23 пайыздан 16 пайызға дейін төмендеді. Бірақ әлі жоғары деңгей сақталып отыр. Мемлекет жауапкершілігі мол әрі адал кәсіпкерлерді қорғап, қолдау білдіреді.

Менің арнайы тапсырмам бойынша Бас прокуратура жалпы сомасы 34 триллион теңге болатын шетелдіктердің қатысы бар жүздеген инфрақұрылымдық жобаға құқықтық тұрғыдан көмек көрсетіп келеді. Алайда отандық бизнесті негізсіз қылмыстық қудалау мәселесі толық шешімін тапқан жоқ. Бас прокуратура бұл жұмысты жалғастырғаны жөн».

23 маусым, 16:13

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.