Атырау, 16 шілде 16:28
 ашықВ Атырау +29
$ 525.87
€ 614.37
₽ 6.72

Бала өліміне қатысты іс: Жоғарғы Сот тергеу дәлелдерін жеткіліксіз деп тапты

550 рет қаралды

Жоғарғы Сот кәмелетке толмаған П. есімді баланың өліміне қатысты қылмыстық істі қарады. 

Бұған дейін бірінші сатыдағы сот үкімімен Ольга Шмакова (жәбірленушінің тәтесі) Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігінің 14-тармағы бойынша (қасақана адам өлтіру), ал Леонарда Рыжакова (жәбірленушінің әжесі) мен Ухтам Махмудов (үйдің бағбаны) ҚК-нің 420-бабы 2-бөлігі (көрінеу жалған айғақ беру) және 432-бабы (қылмысты жасыру) бойынша ақталған еді. Апелляциялық сот бұл үкімді өзгеріссіз қалдырған. Кейін қылмыстық іс прокурордың наразылығы бойынша кассациялық сатыға жіберілді.

Сот алқасы іс материалдарын жан-жақты зерделей келе, бірнеше маңызды жайттарды анықтады. Тергеу барысында 2019 жылдың 12 мамырында сағат 15:30 шамасында Ольга Шмакова өз үйінің ауласында қызғаныш себеппен көлігімен кәмелетке толмаған жиені П.-ны қағып кеткен деген болжам қарастырылған. Бірақ бұл болжамды растайтын нақты дәлелдер ұсынылмаған. Іс бойынша жүргізілген сараптамалар да бір-біріне қайшы қорытындылар берген. Бес сараптама жәбірленушіні көлік қағуын жоққа шығарса, жеке бір сарапшы ғана бұл мүмкін деген нұсқаны айтқан, бірақ ол да күдіктіге тағылған айыппен сәйкес келмейді. Тексерілген көлікте жол-көлік оқиғасының немесе жәбірленушімен жанасудың ешбір ізі табылмаған.

Оқиғадан кейін үйде бағбан болып жұмыс істеген Махмудов жәбірленушінің денесін жуып, басқа киімге ауыстырып, мүсіннің астына апарып қойған. Кейінірек сағат 21:05 шамасында жәбірленушінің атасы мен анасы оны ауруханаға жеткізіп, ол сол жерде қайтыс болды деп танылған. Осыдан кейін әжесі Леонарда Рыжакова мен бағбан Махмудов жәбірленушінің үстіне мүсін құлады деген жалған куәлік берген. Алайда тергеу бұл мәліметті растай алмаған. Сонымен қатар, Махмудовтың өз кінәсін мойындағаны туралы анонимді куәнің айғақтарына сүйену де негізсіз деп танылды. Бұл куә тергеу кезінде қайтыс болған, бұрын қылмыстық жауапкершілікке тартылған және оның берген айғақтарының шынайылығын тексеру мүмкін болмаған.

Сарапшылар жәбірленушінің денесінде жануарлардың тістеген іздерінің барын анықтаған. Бұл жәбірленушінің ұзақ уақыт ересектердің қарауынсыз қалғанын және қасақана соққыға жығу нұсқасын жоққа шығаратынын көрсетті. Қылмыстық процестік кодекстің 19-бабында көзделген кінәсіздік презумпциясына сәйкес, айыптау болжамға емес, жеткілікті, заңды және сенімді дәлелдемелерге негізделуі тиіс. Алайда тергеу органдары бұл талаптарды орындай алмаған, жәбірленушінің өліміне нақты себеп пен кінәлі тұлғаларға қатысты нақты дәлелдер келтірілмеген.

Осы себепті Жоғарғы Соттың сот алқасы істі қарап, Шмакованың кінәсі дәлелденбегенін, ал Рыжакова мен Махмудовтың әрекеттерінде қылмыс белгілері жоқ екенін негізге ала отырып, бірінші және апелляциялық сатыдағы соттардың ақтау үкімдерін өзгеріссіз қалдырды.

20 маусым, 15:19

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.