Атырау, 8 шілде 17:11
 ашықВ Атырау +27
$ 519.51
€ 611.83
₽ 6.60

Қазақстанда әйелдер консультациялары қайта жұмыс істей бастайды

611 рет қаралды

Қазақстанда әйелдер консультациялары қайта жұмыс істей бастайды. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.

Жаңа бастама аясында жүкті әйелдерге және гинекологиялық аурулары бар әйелдерге медициналық-санитариялық алғашқы көмек (МСАК) деңгейінде амбулаториялық қызмет көрсететін «әйелдер консультациясы» бөлімшелері қайта қалпына келтіріледі. Министрліктің мәліметінше, бұл шара еліміздің әйел халқына медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға бағытталған.

Жаңартылған консультациялар құрылымында бір күндік клиникасы бар ұрықты сақтау орталықтары, отбасын жоспарлау орталықтары, жүктілікті көтере алмауға арналған кабинеттер, экстрагениталдық аурулары мен жүктілікке байланысты жоғары қауіпі бар әйелдерді мультидисциплинарлық топтың қатысуымен бақылау кабинеттері ашылады. Сондай-ақ репродуктолог пен балалар гинекологының қабылдауы қолжетімді болады.

Жобаның алғашқы нәтижелері де белгілі. Қазіргі таңда Қазақстанда жүкті әйелдердің 99 пайызы босанғанға дейінгі бақылаумен қамтылған. Соңғы үш жыл ішінде пренаталдық скринингпен қамту 8 пайызға артты. Бұл ұрықтың дамуындағы 7 мыңнан астам бұзылуларды ерте анықтауға және өмірге сәйкес келмейтін ақаулары бар 2 мыңнан астам баланың туылуына жол бермеуге мүмкіндік берді. Осы мақсатта 16 перинаталдық орталықта бір күндік клиникалар ұйымдастырылып, 100 мыңға жуық жүкті әйел тексерістен өтті, 500 мыңнан астам медициналық қызмет көрсетілді.

2024 жылы елімізде алғаш рет «Феталдық медицина» жобасы іске қосылып, оның аясында 55 жатырішілік операция жасалды. Соның нәтижесінде 86 болашақ жаңа туған нәрестенің өмірі сақталып, 25 әйел егіз балаларын аман-есен дүниеге әкелді. Сонымен қатар, ағзаны сақтау операцияларының саны 20 пайызға артып, 2 мыңға жуық әйелдің бала туу қабілеті сақталып қалды.

Денсаулық сақтау министрлігі 18 облыстық перинаталдық орталықты жаңарту бойынша мастер-жоспарларды бекітті. Жүкті әйелдерге медициналық көмекті шалғай өңірлерде де қолжетімді ету үшін көпбейінді мобилдік топтар құрылып, телемедицина, онлайн-тексеру және қашықтан консультация беру жүйелері дамып келеді.

20 маусым, 14:40

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.