
19 маусым күні Павлодар облысында жылдамдығы секундына 43 метрге дейін жететін дауылды жел тіркелді. Дауылды жел инфрақұрылымға айтарлықтай зиян келтіріп, электр қуатының өшуіне әкелді және халық арасында жарақат алу жағдайлары тіркелді, деп хабарлады Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Төтенше жағдайлар қызметінің мәліметі бойынша, 16 адам зардап шеккен, оның ішінде үш бала. Ақсуда 1968 жылы туған тұрғыны қайтыс болды.
Павлодарда 47 нысанның, оның ішінде 6 әлеуметтік мекеменің шатырына зақым келді. Ақсу мен Екібастұзда 23 нысан, Баянауыл ауданында - 7 нысан зардап шекті, сондай-ақ Май және Павлодар аудандарында ғимараттардың зақымдануы тіркелді.
Облыстың қалалары мен аудандарының электрмен жабдықтау желілерінде ақаулар байқалады. Қазіргі уақытта Ақсу қаласында және Баянауыл ауданында электр қуаты өшіп тұр. Орын алған апаттың салдарын жою бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Байланыс және электрмен жабдықтау желілерінің 16 бағанасы қалпына келтіріліп жатыр. 300-ден астам адам және 103 бірлік арнайы техника жұмылдырылған.
Барлық шұғыл әрекет ету қызметтері күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр.
В Атырау -3 




