
1 маусымнан бастап Атырау облысының Исатай, Жылыой және Индер аудандарында су тарифтері көтерілді. Бұл туралы Атырау облысы бойынша ТМРК табиғи монополияларды және бағаны реттеу департаментінің бөлім басшысы Жанар ДӘРІБАЕВА мәлімдеді.
Оның айтуынша, «Атырау облысы Су Арнасы» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорны (бұрынғы "Горводоканал") 2019 жылдан бастап Атырауға жақын қала маңы және аудандық елді мекендерге қызмет көрсетіп келеді. Биыл кәсіпорын Исатай ауданы үшін тариф белгілеуге алғаш рет өтінім беріп, екі магистраль: «Аққыстау – Х. Ерғалиев – Тұман» және «Жанбай – Зинеден – Нарын – Исатай» бойынша есептер ұсынды.
Бірінші құбыр бойынша монополист текше метр үшін 1000 теңге 66 тиын мөлшерінде тариф белгілеуді ұсынды. Алайда ТМРК 187 теңге 90 тиын мөлшерінде баға бекітті, бұл ұсынылған тарифтен 81,22%-ға төмен.
Екінші құбыр үшін 1453 теңге 52 тиын көлемінде тариф ұсынылған болатын, бірақ бекітілген тариф 229 теңге 30 тиынды құрады, яғни 84,22%-ға азайтылды.
Исатай ауданында суды бұру тарифі текше метр үшін 97 теңге 97 тиын мөлшерінде белгіленді, бұл монополист ұсынған бағадан 90,46%-ға төмен.
Ақкиізтоғай, Тұрғызба, Шоқпартоғай, Қарағай, Қосшағыл және Майкөмген ауылдарының тұрғындары суды «Жылыойсу» ЖШС-нен алады. Кәсіпорын әр текше метр үшін 1079 теңге 41 тиын мөлшерінде тариф сұрады, бірақ комитет 424 теңге 22 тиын көлемінде баға бекітті, бұл ұсынылған мөлшерден 60,70%-ға аз.
Аққала, Көктоғай, Есбол және Ынтымақ ауылдарына қызмет көрсететін «Индер су» КМК соңғы боп есебін ұсынды. Монополист текше метр үшін 666 теңге 20 тиын мөлшерінде тариф ұсынған, бірақ ҚРЭМ 316 теңге 17 тиын көлемінде баға бекітті, бұл 52,54%-ға төмендетілген.
Департаменттің мәліметінше, реттеу шараларының арқасында, тіпті жалпы тарифтердің өсуіне қарамастан, негізгі қызметтің қолжетімділігін сақтай отырып, тұрғындардың шығындарын айтарлықтай қысқарту мүмкін болды.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ
В Атырау -2