Атырау, 8 желтоқсан 04:30
 ашықВ Атырау -2
$ 504.49
€ 587.73
₽ 6.57

​Атырау оқушылары үшін жаңа мүмкіндік: спорт, шығармашылық және білім бір платформада

898 рет қаралды

2025 жылғы 1 маусымда Атырау оқушылары үшін жаңа мүмкіндіктер ашылады: спорт, шығармашылық және қосымша білім беру бір платформада біріктіріледі. Бұл күннен бастап Қазақстанның алты қаласында – Астана, Шымкент, Қарағанды, Қызылорда, Атырау және Ақтөбе – бірыңғай ваучер енгізу бойынша пилоттық жоба іске қосылады. Жоба мемлекеттік және жеке меншік спорт секцияларын, шығармашылық үйірмелер мен қосымша білім беру курстарын бірыңғай цифрлық платформада біріктіруге бағытталған, деп хабарлайды Туризм және спорт министрлігі.

Басты қағида – ваучер ұйымға емес, балаға бекітіледі. Бұл балаларға қаржыландырудан айырылмай және кезекке қайта тұрмай, спорт, шығармашылық және білім беру бағдарламалары арасында еркін ауысуға мүмкіндік береді. Бірыңғай ваучер платформасын әзірлеу барысында әр өңірдің ерекшеліктері, сондай-ақ шығармашылық, спорттық және білім беру тапсырыстарының сипатындағы айырмашылықтар ескеріледі.

Бірыңғай ваучердің механизмі екі форматты қамтиды:

  • Мақсатты ваучер – мемлекеттік мекемелерде кезексіз оқу үшін.
  • Универсалды ваучер – цифрлық форматта жеке немесе мемлекеттік емес ұйымды таңдауға мүмкіндік береді, ал кезек жас ерекшелігі мен отбасының әлеуметтік жағдайына қарай құрастырылады, бұл әділ бөліністі қамтамасыз етеді.

Жаңа ережелерге сәйкес, үйірмелер мен секциялар қауіпсіз инфрақұрылымға, санитарлық және өртке қарсы нормалардың сақталуына, бекітілген білім беру бағдарламаларына және білікті мамандарға ие болуы тиіс. Бұл әр баланың сапалы әрі қауіпсіз білім алуын қамтамасыз етіп, бюджет қаражатының мақсатына сай жұмсалуына ықпал етеді. Оқу қатысушыларының келуі күн сайын цифрлық форматта тіркеледі, ал бірыңғай платформа қаражаттың ашық жұмсалуын, процестердің автоматизациясын, сондай-ақ жемқорлық пен алаяқтық қаупін азайтуды қамтамасыз етеді.

Жоба Мәдениет және ақпарат министрлігі (шығармашылық), Туризм және спорт министрлігі (спорт), Цифрлық даму министрлігі (техникалық сүйемелдеу) және Оқу-ағарту министрлігімен (қосымша білім беру) бірлесіп жүзеге асырылуда.

Пилоттық жоба бұған дейінгі тексерулер барысында анықталған елеулі бұзушылықтардан кейін іске қосылды. Оларға жасанды түрде қатысушылар санын арттыру үшін балаларды тіркеу, санитарлық талаптар сақталмаған пәтерлерде, жертөлелерде және тұрғын үй-жайларда сабақ өткізу, алты өңірде сотталған адамдардың балаларға білім беру фактілері, жүйеде тіркелген бірақ іс жүзінде сабаққа қатыспаған 8 мыңнан астам баланың болуы және тағы басқа мәселелер жатады. Бұл фактілер алаяқтық, жасанды тіркеулер және бюджет қаражатын ықтимал жымқыру әрекеттерін көрсетеді.

30 мамыр, 12:55

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.