
Жылыой ауданында бүйрек жеткіліксіздігіне ұшыраған 40 шақты науқас гемодиализге өмірбақи тәуелді болады, онсыз өмір сүре алмайды. Бірақ жабдықтар тозған, процедуралардан кейін тамақтандыруды алып тастаған, ал биліктің уәдесі әзірге қағаз жүзінде қалып отыр.
«Ақ Жайық» тілшісі Кұлсарыдағы гемодиализ орталығының науқастарымен кездесіп, неліктен олардың дабыл қағып жатқанын анықтауға тырысты.
Құлсары қаласында гемодиализ орталығы 2018 ашылған болатын. Оған дейін науқастар 200 шақырым қашықтағы Атырау қаласына қатынайтын. Науқастардың айтуынша, бұл емді олар аптасына 2-3 реттен қабылдайды екен, ал гемодиализге тәуелділер жастар арасында көбеюде, жақында бір жас адам өмірден озған.
Ауданда гемодиализ алатындарды «Нефрос Азия» ЖШС, ал шұғыл жағдай болса, аудандық аурухана қамтиды. Науқастардың дабылынан кейін орталық бұрынғы ескі орыннан аудандық ауруханаға көшірілген. Қаржылық жағдайына байланысты «Нефрос Азия» көлікпен тасымалдаудан бас тартқанымен, Жылыой ауданы әкімшілігі бұл мәселені шешіп берген, яғни, науқастарды тасымалдау жолға қойылған. Өйткені тек Құлсары қаласынан ғана емес, Майкөмген, Шоқпартоғай, Қараша, Ақкиізтоғай, Жаңа Қаратон, Қосшағыл ауылдарынан да келетін науқастар бар.
- Мен үш жылдан бері осы сырқатқа ұшырадым. Адам басына бермес сынақтан өтіп жатырмыз, қанымызды орталықтан тазалап тұрамыз. Бір жыл болды бізге жеңіл тамақ беретін, оны алып тастады. Оның үстіне аппараттар ескірді, жиі бұзылып қалады. Бар-жоғы 7 аппарат бар, күніге түске дейін және кейін 14 адамды қабылдайды. Ондайда кезек күтіп қаламыз сарылып, үш, төрт сменге дейін барады. Ақпан айының аяғында аудан әкімшілігіне барғанымызда бұл мәселелерді шешіп береміз деген болатын. Одан бері қаншама ай өтті, онысы орындалған жоқ, - дейді Маран ШЫҒЫРОВ.
- 2017 жылдан бері гемодиализ аламын. Аппараттар ескі, істен шығып жатыр. Уақтылы емді алмасақ болмайды. Кейде өкпе, жүрегімізге су толып қалады, әйтеуір бізге көңіл аударып көмектессе дейміз, - дейді Қамар МАЙЛЫБАЕВА.
Жабдық ескірген, ал көмек – уәде ғана
«АЖ» сауалына жауап ретінде аудан әкімінің орынбасары Гүлнафис АЙШУАҚОВА былай деп түсіндірді:
- «Нефроз Азия» ЖШС міндетті медициналық сақтау қорымен отырған келісімшартқа сәйкес МӘМС арқылы ем берді. Бұл мекеме жекеменшік болуына байланысты өз қаражат есебінен диализ құрылғыларын жаңартуы қажет, науқастарға толық емін беруі тиісті еді. Ол үшін мемлекеттен қаржы бөлінбейді. Ал аудандық орталық емханада шұғыл түрде ем беруі үшін екі диализ құрылғысы жұмыс жасауда,-дейді аудан әкімінің орынбасары Гүлнафис АЙШУАҚОВА.
Әкім орынбасарының айтуынша, ауданға басқа өңірлерде диализдік қызмет атқарып жүрген «BIOS» мекемесі келіп, қызмет етуге ниетті болған. Ол мекемеге аудандық ауруханадан орын жайы бөлініп келіскенімен ауданда қызметін бастамапты. Ал 1 маусымнан бастап аудандық аурухана тарапынан тамақ берілетін болған. Г.Айшуақова жаңа құрылғымен қамту үшін мекемелерге ұсыныс берілгенін атап өтті.
Енді күтуге болмайды
Меншік түріне қарамастан, науқастар тозған жабдықтың және жүйелік кемшіліктердің құрбаны болып қалып отырі. Гемодиализге тәуелді адамдар үшін бұл жайлылық мәселесі емес – бұл өмір мәселесі.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
В Атырау -2