Атырау, 5 желтоқсан 07:54
 бұлттыВ Атырау +4
$ 499.65
€ 582.89
₽ 6.47

ТЖМ мен Lamor Corporation Plc ​​Каспийдегі мұнай төгінділерін жою жөніндегі мәселені талқылады​

520 рет қаралды

ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінде министр генерал-майор Шыңғыс Әріновтің төрағалығымен Финляндия Республикасы Парламентінің депутаты Вилла Скиннаримен, Финляндия Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Янна Хейсканенмен, сондай-ақ «Lamor Corporation Plc» жетекші халықаралық компаниясының өкілдерімен жұмыс кездесуі өтті.

«Lamor Corporation Plc» фин компаниясы мұнай мен мұнай өнімдерінің төгінділерін  жою, сондай-ақ қоршаған ортаны қорғауға арналған жабдықтар мен жарақтар өндіру саласындағы әлемдік көшбасшылардың бірі болып табылады.

Каспий теңізінің қазақстандық секторының экологиялық және технологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы ынтымақтастық талқылаудың негізгі тақырыбы болды.

Ведомство басшысы компанияның теңіз ортасын қорғауға бағытталған шешімдерді бірлесіп іске асыруға мүдделілігін білдіре отырып, қауіпсіздікті қамтамасыз ету және мұнай төгінділерін жою жөніндегі жоғары технологиялық шешімдерді әзірлеу саласындағы қызметін атап өтті.

Кездесу аясында ТЖМ жүйесінде «Теңіз жасағы» жаңа мамандандырылған бөлімшесін құру туралы ақпарат ұсынылды. Ол азаматтық қорғау және Каспийдегі төтенше жағдайларға ден қою саласындағы стратегиялық маңызды міндеттерді орындаумен айналысатын болады.

«Біз бұл жасақтың әлеуетін ашып, оны жоғары деңгейге көтеруді жоспарлап отырмыз. Оны заманауи материалдық-техникалық жарақтандырумен қамтамасыз ету және озық халықаралық тәжірибелерді енгізу басым міндет болып табылады. Біз Lamor Corporation сияқты жоғары технологиялық және кәсіби әлеуеті бар компаниялармен ынтымақтастыққа ашықпыз», - деп министр атап өтті.

Өз кезегінде «Lamor Corporation Plc» өкілдері өз жобаларын, жоспардағы бастамаларын таныстырып, ынтымақтастықтың перспективалық бағыттарын талқылады, қазақстандық тараппен іс жүзінде өзара іс-қимылға дайын екендіктерін білдірді.

Министр Шыңғыс Әрінов Қазақстан мен Финляндияның төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласындағы ынтымақтастығына, сондай-ақ теңіз акваториясында қауіпсіздікті қамтамасыз ету ісіндегі фин тарапының оң тәжірибесін зерделеуге дайын екендігін білдірді.

Кездесу қорытындысы бойынша Тараптар Каспий теңізінің қазақстандық секторының экологиялық және технологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған бірлескен жобалардың ынтымақтастығы мен бірлесіп іске асырылуы туралы мәселелерді талқылады.


29 мамыр, 09:43

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.