
28 мамырда Атырауда Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІХ сессиясы ұйымдастырылып, өңірдегі ұлттар арасындағы бірлік пен ынтымақтастық, ҚХА жұмысын ақпараттандыру, Ассамблея жастарының белсенділігін арттыру секілді маңызды мәселелер талқыланды.
Сессияға түрлі этномәдени бірлестіктердің өкілдері қатысып, жиынға Атырау облысының әкімі Жасұлан Бисембиев төрағалық етті. Облыстық Ішкі саясат басқармасының басшысы Гүлнұр Сүйеуова ҚХА-ның 30 жылдығына орай елордада өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІV сессиясында Мемлекет басшысы қозғаған маңызды тақырыптарға тоқталып, өңірде атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады.
Қазіргі таңда Атырау облысында аккредиттеуден өткен 18 этномәдени бірлестік жұмыс істейді. 2024 жылдың қорытындысы бойынша 500-ге жуық іс-шара ұйымдастырылған. «Туған жер» жобасы аясында «Орыс, славян, казактар бірлестігі» қауымдастығы өлке тарихының материалдарын жинау бойынша ауқымды жұмыс атқарды.
Сессия барысында «Ассамблея жастары» республикалық РҚБ Атырау облысы бойынша өкілдігі төрағасының орынбасары Андрей Лобыкин жастар қозғалысының маңыздылығын атап өтті. Ол Ассамблея мүшелері арасында жастардың үлесін көбейту және Атырау жастары үшін дамушы орта қалыптастыру қажеттігін айтты.
Жиында жаңа Достық үйін салу мәселесі де көтерілді. Атырау облысы әкімінің орынбасары Ж.Бисембиев қала орталығында жаңа Достық үйінің құрылысы басталғанын, бұл нысан этномәдени бірлестіктердің жұмысын жандандыруға үлес қосатынын мәлімдеді.
Сессия соңында бірқатар этномәдени бірлестіктердің басшылары мен мүшелері «Қазақстан халқы Ассамблеясына 30 жыл» мерекелік медалімен және облыс әкімінің құттықтау хатымен марапатталды.
В Атырау -2 











