Атырау, 5 желтоқсан 08:55
 бұлттыВ Атырау +4
$ 499.65
€ 582.89
₽ 6.47

​ҚМГ мен CITIC Group ​ынтымақтастықты кеңейту жоспарларын талқылады

532 рет қаралды

«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ (ҚМГ) Басқарма төрағасы Асхат Хасенов CITIC Group директорлар кеңесінің төрағасы Си Гохуамен кездесті. 

Тараптар Ақтау битум зауытының («CASPI BITUM» БК» ЖШС) қуатын кеңейту жобасының (https://t.me/kmgpress/6807) сәтті аяқталғанын атап өтті. Кәсіпорын жаңғырту жұмыстарынан кейін жылына 750 мың тоннаға дейін битум өндіреді. Осылайша ішкі сұранысты жауып және импортқа тәуелділікті барынша азайтып, Қазақстанның жол саласын отандық битуммен тұрақты қамтамасыз ете алады. Бұл өз кезегінде бүкіл ел бойынша инфрақұрылымдық жобалар санының өсуі жағдайында айрықша маңызға ие. 

Зауытты жаңғырту бойынша бас мердігер CITIC Group-тың еншілес компаниясы — CITIC Construction болды. ҚМГ басшысы жобаны іске асыру кезінде көрсетілген мемлекеттік қолдау шараларын ерекше атап өтті. 

Кездесу барысында бірлескен өндіруші кәсіпорын — «Қаражанбасмұнай» АҚ-ның (ҚБМ) (https://t.me/karazhanbasmunai) қызметі талқыланды. Бүгінгі таңда компания алдында CASPI BITUM-ға мұнай жеткізу көлемін қазіргі 1 млн тоннадан 1,5 млн тоннаға дейін ұлғайту міндеті тұр. 

Қаражанбас кен орнындағы ілеспе қабат суын тұщыту зауытының мәселелері де қаралды. Кәсіпорын Астрахань — Маңғышлақ магистральды су құбыры арқылы келетін судың едәуір көлемін өңір халқының қажетіне бағыттауға мүмкіндік берді. Қазіргі уақытта тәулігіне тұщытылған судың көлемі 13 мың текше метрді құрайды.

Сонымен қатар кездесуде Қаражанбас кен орнында жерүсті инфрақұрылымы мен технологиялық жабдықтарды жаңарту, өндіру тиімділігін арттыру үшін ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды енгізу, жаңа перспективті жобалар туралы сөз қозғалды. 

— ҚазМұнайГаз Қазақстан мен Қытайдың энергетикалық және инфрақұрылымдық әлеуетін дамытуға ықпал етіп отырған CITIC компаниясымен табысты әрі ұзақ жылғы серіктестікті жоғары бағалайды. Біз ынтымақтастықтың өзара тиімді барлық бағыты бойынша белсенді екіжақты жұмыстарды жалғастыруға дайынбыз, — деді А.Хасенов. 

Өз кезегінде Си Гохуа CITIC Group Қазақстанды негізгі стратегиялық серіктестердің бірі ретінде қарастыратынын және ҚазМұнайГазбен орнаған өзара іс-қимыл деңгейін жоғары бағалайтынын атап өтті.

28 мамыр, 15:18

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.