Атырау, 8 желтоқсан 05:47
 ашықВ Атырау -2
$ 504.49
€ 587.73
₽ 6.57

​Доссордағы ескі үйлердің қасбеттері мен шатырлары жөнделуде

Бейнежазба
512 рет қаралды

Мақат ауданындағы Доссор ауылында алғаш рет жарты ғасыр ішінде көпқабатты үйлерді күрделі жөндеу басталды. Жөндеу жұмыстары бюджет қаражаты есебінен жүргізілуде, алайда шағымдар мен кейбір қиындықтар орын алуда.

Мақат ауданында 102 көп қабатты тұрғын үй болса, соның 28-і Доссор кентінің үлесіне тиеді.  Доссор кентіндегі көп қабатты үйлердің басым көпшілігі бұдан 40-50 жыл пайдалануға берілген. Алайда осыншама жылдардан бері күрделі жөндеу жұмысы жүргізілмегендіктен кенттің сәнін бұзып, әрін кетірген. 

- Жасыратыны жоқ, әбден ескіргендіктен сыртқы сылақтары түсіп, шатырларынан жауын-шашынды күндерде су кетіп, тұрғындардан жиі шағым түсіп жүрген. Олар жиын сайын осы мәселені жиі көтеріп, жекенменшік үйлері болса да өздіктерінен жөндеу мүмкін емес екенін айтып, көмек сұраумен келеді. Биыл үйлердің қасбеті мен шатырын жөндеу қолға алынған,-дейді кент әкімі Асылан ҚОСМАҒАМБЕТОВ.

Жалпы кенттегі Н. Құсайынов көшесіндегі №108, 109, 113, 136 көпқабатты үйдің шатыры мен қасбетін жөндеуге бюджеттен 354 млн теңге бөлініп, оның жұмысын «Жалынды құрылыс» ЖШС, ал М. Өтемісұлы көшесіндегі №117, 120, 129, 134, 139, 147, 172 үйлердің жөндеуіне 690 млн теңге бөлініп, «АтырауЭкспертПроект» ЖШС жеңіп алған. Ә. Мантаев көшесіндегі №193, 194, 195, 196, 204 үйлердің жөндеуіне 370 млн теңге бөлініп, оның жұмысы мердігер «ДанСтройБаза ЛТД» ЖШС-не тиесілі болған.

Сәуір айының басында мердігерлер жұмысына кірісіп кеткен, алайда кент әкімі Ә. Мантаев көшесіндегі бес үйдің жұмысы басталмағанын айтты. Негізі үйлердің жөндеу жұмысының сапалы атқарылуын депутаттар мен аудандағы қоғамдық Кеңес мүшелері жіті бақылауға алған. «Жалынды құрылыс» ЖШС өз жұмысын уақтылы бастағанымен жұмыс графигі жасақталмаған болып шықты.

- Біздің компанияға алты үйдің қасбеті мен шатырын жөндеу белгіленген. 4-ші сәуірден бастап жұмысты бастап кеткенбіз. Үй шатырларын ашу кезінде қатты жауын-шашынға тап болып, 7 пәтердің ішіне су кетіп қалған. Бұл сан өсуі де мүмкін, әлі де тексеретін боламыз. Біз бірақ жауаркешіліктен қашып отырғанымыз жоқ, егер пәтерлеріне су кетіп бүлдірсе, өз күшімізбен жөндеуді жүргізбекшіміз. Бүгінде жұмыс басында он бес жұмысшы бар, материал жеткілікті. Жалпы жұмыс жасауда график бойынша алда келеміз,-дейді «АтырауЭкспертПроект» ЖШС-нің учаске бастығы Ербол СЕРІКБАЕВ.

Жалпы бұл жұмыстарды мердігерлер алты айдың ішінде бітіруі тиіс, яғни қазан айының аяғында толық аяқтауы қажет.  

Ләззат ҚАРАЖАНОВА 

28 мамыр, 14:14

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.