Атырау, 8 желтоқсан 15:58
 бұлттыВ Атырау 0
$ 504.49
€ 587.73
₽ 6.57

«Сені аттан құлады деп айтайық» — Атырауда өндірістік жарақаттың ізін қалай жасырған

1 662 рет қаралды
ChatGPT арқылы жасалған сурет

Былтыр желтоқсанда 28 жастағы Шымкент тұрғыны Рысдәулет ӘЛІМЖАН Атырауға жұмыс іздеп келген.  Жерлес досынан Махамбет ауданы Ақжайық ауылында жұмыс шығып тұрғанын естіп, келесі күні алып-ұшып Атырауға жетеді. Рысдәулет еңбек келісімшарты да, басқа да құжат ресімделместен, жеткен күні бірден электр кабельдерін тарту үшін жұмысқа кірісіп кетеді. 

17 қаңтарда әдеттегідей жеңіл автокөлік үстінде отырып, кабельдерді электр бағанына қарай сүйреп келе жатқан. Осы кезде жүк көтергіш кран электр бағанына жақын жеткізілген кабельдерді жоғары көтеру кезінде Рысдәулеттің ұстап отырған кабелі тобығына ілініп, бір аяғы балтырының ортасынан сынады. Кейін аяғына металл пластина салған. 

- Жүк көтергі кран жүргізушісі әдетте кабельді көтерейін деп жатқанын рациямен хабарлайтын бізге. Бірақ, бұл жолы көтеріп жатырмын деп ескертпеді. Маған жұмыста жедел жәрдем қызметін шақырмады, өздері ауруханаға апарды. Бізге бригадир боп жүрген Берік деген жігіт «жұмыс тоқтап қалмас үшін аттан құладық деп айтайық» деді. Ол маған ауруханаға барғанда «аяғың жазылғанша жұмысты тапсырып, сенің жағдайыңды жасаймын, кредитіңді төлеп беремін» деп айтты, - дейді Рысдәулет. 

Содан бері төрт ай өтсе де аяғы ауырып, ісігі әлі қайтпай жатыр, ақсаңдап басады. 

Оның сөзінше, ол өзі қандай компанияда жұмыс істегенін де, басшылары кім екенін де білмейді. 

Аты-жөнсіз, келісімшартсыз, кепілдіксіз

Рысдаулет жарақат алған кезде оның не келісімшарты, не еңбек кітапшасында жазбасы болмады.

- Мен жұмысқа келгенде компания атауын сұрағанмын, бірақ Берік «бастықтар келген соң өздерің сұрап аласыңдар» деп жауап берді, - дейді ол.

Ауруханадан шыққан соң Рысдәулет Астанаға барып, Берік деген ер адамның үстінен полицияға арыз берген. Қазір құқығын қорғау үшін адвокат жалдап, өзін кімнің жұмысқа алғанын анықтауға тырысуда. Оның сөзінше, оны Атырауда жұмысқа аларда айына 600-700 мың теңге жалақы береміз деп уәде еткен. Үш апта жұмыс істегені үшін 150 мың теңгедей ақша алған.

Оның сөзінше, бір басында екі кредит бар. Кредитті жабу үшін ай сайын 400 мың теңге төлейді. Ал енді жарақатымен құрылысқа жұмысқа тұра алмайды, денсаулығы мүмкіндік бермейді.

Кінәліні табу мүмкін емес

Рысдәулеттің туған әпкесі Салтанат жауапты компаниядан інісінің өндірісте денсаулығына келтірілген жарақаты үшін 7 млн теңге материалдық және моралдық шығын өндіруді талап етеді. Інісімен бірге компанияны анықтауға кірісіп кеткен. 

- Біз адвокат арқылы «Аквамарин» деген компанияны таптық. Бірақ оның Талғат деген басшысы өзінің қатысы жоқ екенін, тек жұмыс көлемін алып, оны субмердігерлерге тапсырғанын айтты. Не істерімізді білмейміз, бәрі бір-біріне сілтейді, - дейді Салтанат. 

Атырау облыстық әкімдігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, бұл жұмыстардың тапсырысшысы - Махамбет аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі, ал мердігер – «АКваМАрин Ж» ЖШС мекемесі. Арада былтыр 18 қарашада келісімшарт жасалған. Сол күні монтаж жұмыстары басталып, 27 желтоқсанда қабылданған. Жұмыс құны - 193 млн 200 мың теңге. 

Жұмыстар "Махамбет ауданы Ортақшыл ауылындағы №23 «Егізкөл» қосалқы станциясынан Есбол және Ақжайық ауылдарына тартылған 10 кВ жоғарғы кернеулі электр энергиясын беру әуе желісі нысанын жөндеу" деп аталады.  

Компания басшысы – Арыстанбай БАЙТАКОВ. Бірақ біз «АКваМАрин Ж» ЖШС директоры орынбасарымын деп өзін таныстырған Талғат Байтаковпен сөйлестік. Ол да Рысдәулеттің өзінде жұмыс істемегенін айтып, оның субмердігерлерінің бірінде істегенін растады. 

Біз одан қайта-қайта субмердігер компания атауын сұрап, алдық. WhatsApp мессенджері арқылы бізге «Люкс строй-2050» ЖШС мекемесі деп жазды. Нұржан деген біреудің номерін берді. Оған хабароасып едік, Нұржан бұл компанияға түк қатысы жоқ екенін айтты. Талғатқа соны айтып, менссенджерге жазған едік, жауапсыз қалдырды. 

Соңына жету мүмкін емес

Бүгінде Рысдәулет не жұмыс істей алмай, не табыс таба алмай, не әділдікке жете алмай жүр. Ол әлі күнге дейін жұмыс берушісі кім болғанын білмейді. Мұның бәрі «Сені аттан құлады деп айтайық» деген жай уәдеден басталған еді. Айтуға оңай, айтты да оңай кетіп қалды. Ал ол аурумен, қарыздармен және жауапсыз сұрақтармен қала берді.

Айнұр САПАРОВА

27 мамыр, 12:42

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.