Атырау, 8 желтоқсан 05:47
 ашықВ Атырау -2
$ 504.49
€ 587.73
₽ 6.57

​Шегіртке қаптап кетті: Қызылқоға ауданының фермерлері дабыл қағуда

593 рет қаралды

Қызылқоға ауданында шаруалардан маза қашты, себебі, жайылымдық жерлерді шегіртке отап жатыр деп дабыл қағуда. Енді шегірткенің көзін жоймаса, өсімдік атаулыдан дым қалмайды деп отыр. 

- Көздіғара округіне қарасты Бүйрек құмын шегіртке жайлап кеткен. Өсімдіктердің дымын қалдырмай жеп жатыр. Тез арада мұның шарасын алмаса, онда мал азықсыз қалады. Жол бойы толған италяндық шегіртке, үйір-үйірімен қаптап тұр. Қыстақтарға жақын қалды, күн ысығанда тіптен бой бермейді. Ал осы зиянкестердің ошағын картаға түсіріп, улау жедел жұмысты қажет етеді, - дейді фермерлер. 

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, Атырау облысы аумағында ауыл шаруашылығы дақылдарының аса қауіпті зиянкес үйірлі шегірткелерге қарсы 65100 гектар алқап бары болжанып, оны химиялық перепараттармен өңдеу жұмыстарын жүргізу қажет. 49000 гектар итальяндық прус Құрманғазы, Исатай, Қызылқоға, Индер аудандарының құмды шағылды алқаптарында болса, 16100 гектар азиялық шегіртке Құрманғазы, Исатай аудандары мен Атырау қаласына қарасты сулы, қамысты алқаптарда шоғырланған. 

Осыған орай бұл жұмысты жүргізу үшін шұғыл әрекет ету штабы құрылып, іске кіріскен. Итальяндық прус дернәсілдердің оянуы Қызылқоға ауданының Ойыл ауылдық округінде 6 мамырда, азиялық шегірткелердің оянуы Құрманғазы ауданында 15 мамырда тіркелген болатын.

Химиялық өңдеу жұмыстарын жүргізу бойынша конкурстар өткізіліп, жеңімпаз мекемелер анықталған. Аса жеңіл авиация арқылы 41850  гектар алқапта өңдеу жұмыстарын жүргізетін Алматылық «AVIASILA» ЖШС болса, жерүсті тәсілі арқылы 19800 гектар алқапта желдеткіш бүріккіштер арқылы қызмет көрсететін Батыс Қазақстан облысының «Магтоксин» ЖШС. «Фитосанитария» РМК 3450 гектар жерде ұшқышсыз ұшақ дрон арқылы жүргізбекші. 

- Мамыр айларынан бастап Қызылқоға ауданында 2 лрон аппараты, 1 ГАРД-генератор, 2 делталеть жұмысқа қосылды. Күні бүгінде Қызылқоға ауданында итальяндық прусқа қарсы 8500 гектар алқап өңдеуден өтті. Өңдеу жұмыстарына қолданылған «Койра к.с.», «Ацет 200 р.п.», «Гунсяо к.з.» инсектицидтері өте жақсы нәтижелер көрсетуде. Құрманғазы ауданында азиялық шегірткеге қарсы 2 жерүсті желдеткіш бүріккіштері арқылы жүргізіліп, 1610 гектар алқап химиялық өңдеуден өткізілді, - дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Азат ҚАПАНОВ.

Облыста саяқ шегірткелерге қарсы химиялық өңдеу жұмыстарын 38731 гектарға жүргізу жоспарланып отыр. Оған жергілікті бюджеттен 176 млн теңге бөлініп, «Магтоксин» ЖШС жеңімпаз болды. Өңдеу жұмыстарына 2 дана жерүсті бүріккіштері (ГАРД) қолданылуда. Күні бүгінде саяқ шегіртке бар 4350 гектар (Жылыой ауданында-920, Құрманғазы ауданында-3430 гектар) алқап өңдеуден өткен. Химиялық өңдеу жұмыстарына «Ацет 200» инсектициді қолданылуда.

Жалпы зиянкестерге қарсы күрес жалғасуда дейді мамандар.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

27 мамыр, 14:18

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.