
Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотында 5 млн теңге көлеміндегі негізсіз баю сомасын өндіріп алу туралы талап қою бойынша іс қаралды.
Талап қоюшы жауапкермен интернет арқылы танысқанын, одан кейін «WhatsApp» мессенджері арқылы хат алмасып тұрғанын көрсетті.
Хат алмасу барысында жауапкер денсаулығына байланысты материалдық көмек сұраған. Талап қоюшы Kaspi қосымшасы арқылы, оның телефон нөміріне ақша қаражатын аударған.
Істі қарау барысында тараптар арасында жеке (романтикалық) қарым-қатынастар болғаны анықталды, осыған орай талап қоюшы материалдық көмекті ерікті түрде көрсеткен. Тараптар арасында қарыз шартына сәйкес міндеттемелердің болғанын дәлелдейтін айғақтар ұсынылмаған. Kaspi.kz сервисі арқылы жүргізілген аударымдарда ақшаны қайтару немесе басқа да міндеттемелер туралы шарттар болмаған.
Сот талапты қанағаттандыруға негіз жоқ деген шешімге келді. Себебі Азаматтық кодекстің 954-бабына сәйкес, қайырымдылық, материалдық көмек немесе сый ретінде берілген ақша негізсіз баю ретінде қайтарылуға жатпайды.
Сот талап қоюшының талабын қанағаттандырмады. Талап қоюшы сот шешіміне шағым түсіргенімен, Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының қаулысымен шешім өзгеріссіз қалдырылды.
Сот актісі заңды күшіне енді.