Атырау, 25 желтоқсан 17:54
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -1
$ 515.89
€ 536.32
₽ 5.17

Бес оқушы ақшалай сыйлық алды

3 608 просмотра

Сәуірдің 12-сі күні «Жайық-Ақпарат» баспасөз клубында Орталық Азиядағы Еуразия қорының «Болашаққа сеніммен» атты білім беру жобасының бір жылдық қорытындысы жарияланды. Аталмыш жоба өз жұмысын Атырау қаласында былтырғы жылдың мамыр айында бастады.

Жоба меңгерушісі Ирина ШЕСТИПЕРОВАНЫҢайтуынша,  қаланың 19 білім беру орнында барлығы 690 оқушы қатысқан. Әрине, жоба бағдарламасы негізінен жоғарғы сыныптың оқушы қыздарына арналғандықтан, белсенді қатысушылары да солар болды.

Жобаның мақсаты – мектеп жасындағы оқушыларға өмірлік бағдар беріп, дұрыс мамандық таңдауға жол сілтеу. Болашағына сеніммен қарау үшін көпшілік ортада өзін-өзі еркін ұстауға және ойын ашық жеткізіп, жан-жақты пікірлесуге септігін тигізеді екен. Жоба аясында әр мектептерде психологтар жұмыс істеді. Осы жоба үшін арнайы құрастырып шыққан әдістемелік құралдың авторы Нелли Куликовских  екен. Жобаға қатысқан 23 тренер-психолог оқушылармен жұмысты жетілдіруде және біліктілігін арттыруда көп нәрсені біліп қалғандарын жеткізіпті. Жоба  барысында қатысушыларға сауалнама таратылған. Оқушылардың 73 пайызы – қандай кәсіп иесі болғысы келетінін түсінгенін, ал 77 пайызы – ақша үнемдеуге үйренгендерін байқаған. Ал 40 пайызы – көшбасшылық дағдыларын, 37 пайызы - өздеріне сенімді болғандарын, 23 пайызы – көпшілік алдында сөйлеуге үйренгендерін көрсеткен.

Жоба кезінде оқушылар көшбасшылық, кәсіби бағдар және қаржылық сауаттылықты ғана үйреніп қоймай, жоба аясындағы «Жетістікке қарай менің жолым» атты байқауға қатысты. Байқаудың бес жеңімпазына да арнайы курстарда оқуға мүмкіндік ретінде 30 000 теңге көлеміндегі ақшалай сыйлық және сертификат тапсырылды. Ал жеңімпаздар есімі мыналар: Гүлбану Нұғыманова (5-орын), Елена Аекешова (4-орын), Жанна Тәжіғалиева (3-орын), Екатерина Цой (2-орын) және Асыл Хамзиева (1-орын).

- Жобаға дейін өз күшіме деген күдікпен қарап, өз-өзіме сенімсіз едім. Таңдау жағына келгенде, қиналғаным рас. Алайда, кәсіби бағдарға арналған тренингтерден және мүмкіншілігімді анықтауға бағытталған түрлі тестерден өткен соң, өзімнің нақты таңдауымды жасай алдым,-дейді Ж.Досмұхамбетов атындағы мектеп-лицейдің оқушысы Асыл ХАМЗИЕВА.

 «Эксон Мобиль» корпорациясы қаржыландырып отырған бұл әлеуметтік жоба ендігі кезекте 2011-2012 жылдары аралығында Атырау облысының екі ауданы мен Ақтау қаласында жүргізілмек.

Айнұр АСЫЛБЕКҚЫЗЫ

14 сәуір 2011, 18:02

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.