
Қазір тендер өтіп, мердігер анықталды және орындалу мерзімі белгіленді.
Сәтбаев даңғылының алдағы ауқымды жаңғырту жұмыстары туралы алғашқы ресми ақпарат өткен жылдың басында пайда болды.
Атырау қаласы әкімдігінің «АЖ» сауалына берген жауабына сәйкес, әзірленген жобалық-сметалық құжаттамаға сараптаманың оң қорытындысы 2024 жылдың маусым айында берілген. Одан кейін қайта жаңғырту бойынша тендерді «Атырауингстрой-АИС» ЖШС жеңіп алды, ал тапсырыс беруші - қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі болды.
«Қайта жаңғырту жұмыстарында Сәтбаев даңғылының жол төсемін ауыстырып, абаттандыру және батыс бөлігіндегі жолды ішінара кеңейту көзделген. Құрылыс аумағы батысында Құрманғазы көшесімен, шығысында Жайық өзенімен шектеседі. Қайта жаңғырту жобасы бойынша құрылыс аумағы 3 учаскеге бөлінген: 1-құрылыс учаскесі – Қ.Ерниязов көшесінен Жайық өзеніне дейін; 2-құрылыс учаскесі – Құрманғазы көшесінен Қ.Ерниязов көшесіне дейін; 3 учаскеде – кәріздік сорғы станциясының құрылысы жүреді. Жобаны жүзеге асыруға бөлінген қаражаттың көлемі 20,3 млрд теңгені құрайды (ҚҚС қоса есептегенде)», - делінген әкімдіктің хатында.
Сондай-ақ жобада Студенческая және Байтұрсынов көшелерін қайта жаңарту, су жүру жолдары мен ашық арықтар салып, инженерлік желілерді жаңғырту, сонымен қатар жаяу жүргіншілер аймағы, балалар және спорт алаңдары, көлік тұрақтары бар іргелес аумақтарды абаттандыру қарастырылған.
Жұмыс мамыр айында басталып, 2026 жылы (мүмкін, одан да ертерек) аяқталады деп жоспарланып отыр.
Бұл құрылыс жұмыстары жүргізілген кезеңде жол қозғалысы қалай ұйымдастырылады деген сауалға әкімдіктегілер жөнді жауап бере алмады.
Лев ГУЗИКОВ
В Атырау +3