
Атырау облысы Мақат ауданы Доссор поселкесіндегі теміржол вокзалын ғимаратын жөндеу жұмыстары биыл басталады. Бұл туралы «Қазақстан темір жолы» АҚ баспасөз қызметі хабарлады.
ҚТЖ хабарламасына сүйенсек, вокзалды күрделі жөндеуден өткізуге арналған жобалық-сметалық құжаттама 2024 жылы әзірленген. Құрылыс-монтаж жұмыстары 2025 жылдың соңына дейін аяқталады деп жоспарланып отыр. ҚТЖ ақпараты бойынша, 2024 жылы орташа есеппен тәулігіне 80 жолаушы жөнелтілген. Доссор станциясы арқылы тәулігіне 10 жұп жолаушылар пойызы өтеді.
«Атқарылатын жұмыстың көлеміне сәйкес, ол 2-санатқа жатады. Қазіргі вокзал ғимараты жолаушылар ағынын толықтай қамтуға мүмкіндік береді. Дегенмен, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен жолаушылар ағынының артуы расталған жағдайда, «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы Доссорда жаңа вокзал ғимаратын салу мүмкіндігін қарастырады», - делінген компанияның баспасөз хабарламасында.
«Вокзалды бұзып, жаңасын салу керек»
Белсенді, «AQIQAT» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Ғазиз ҒАБДУЛЛИННІҢ вокзал алдында Facebook-тегі «Доссор жаңалықтары» парақшасында тікелей эфир жүргізді.
Біз Ғазиз Ғабдуллинге хабарластық. Оның өзі де Доссорда тұрады. Ол возкал ғимаратының апатты жағдайда екенін айтып, оны жөндеу емес, қайта салу керектігін айтады. Айтпақшы, ғимарат екі рет – 2001 жылы және кейін он жылдан соң қайта жөнделген.
Белсенді тағы бір маңызды мәселе - билет кассасының жоқтығына назар аударды.
- Осы мәселелерді үш жыл бұрын Мақатке келген ҚТЖ басшысы Нұрлан Сауранбаевқа жеткізгенбіз. Бірақ, нәтиже жоқ, - дейді белсенді.
Ол 14 мың халқы бар Доссор теміржол вокзалына мекеме басшылары неге мән бермей отырғанын түсінбейді.
- Вахтамен жұмыс істейтіндер бер, жалпы шаруаларымен жол жүретін тұрғындар бар. Теміржол билетін іздеп таппай жүреді. Билет кассасын ашуды да талап етеміз. Билет сату қызметін ҚТЖ рекрутинг компанияларына беріп қойған. Олар билетке үстеме баға қосып сатады да, қымбатқа щшығады. Билеттерді онлайн сатуға шығарып қойған. Билет таба алмай отыр халық, - дейді белсенді наразы болып.
Перронды салған жұмысшылар жалақыларын алмаған
Үшінші мәселе – теміржол перронын салған 17 жұмысшы 2023 жылғы қазандағы бір айлық жалақысын ала алмай жүр.
Олардың бірі Тәжіғали ӨТЕБАЕВ былтыр 2024 жылы қаңтарда Атыраудағы еңбек инспекциясына арыз жазғандарын айтады. Алайда, жұмыс беруші компания Шымкентте тіркелгендіктен, жұмысшылар арызы сол жақтағы инспекцияға жолданатынын хабарлаған.
- Біз перрон құрылысын 2023 жылы тамызда бастадық. Екі ай жалақымызды кешіктіріп төледі. Ал қазан айына келгенде тоқтатты. 30 қазанда жұмыс тоқтады. Оның себебін, жобаға «коректировка» керек деп, түзетеміз деді. Перрон жартылай бітіп тұр. Үш ай істедік, үшінші айға келгенде ақша бермей қалды. Біз жұмыс істеген «ТАЙЫР COMPANY» деген компания Шымкентте. Біз Шымкенттегі еңбек инспекциясына телефон соқсақ, ешкім көтермейді, – дейді Өтебаев.
Өткелдерде реттеушінің жоқтығы қауіп төндіреді
Ғабдуллин Доссордағы теміржол өткелдеріндегі қауіпсіздік мәселесін де көтерді. Оның айтуынша, бұрын өткелдерде реттеушілер жұмыс істеген - әр жерде төрт адамнан, жалпы 12 адам тұрған. Қазір өткелдерде реттеп тұратын ешкім жоқ.
- Сол жерлерде көлік оқиғасы болып, адам шығыны орын алып жатыр. Қауіпсіздік үшін өте қажет. Үш жыл бұрын Шығыс Мақат жақта пойызға көлік соқтығысып, адам өлді. Бұл бірінші жағдай емес, - дейді Ғабдуллин.
Ол айтып отырған жол апаты 2022 жылы Мақат ауылынан 20 шақырым жерде болған. Lada Granta көлігі теміржол өткелінде жол ережесін бұзып, жүк пойызымен соқтығысқан. Салдарынан Lada Granta көлігінің 44 жастағы жолаушысы оқиға орнында көз жұмып, 23 жастағы жүргізуші жарақат алды.
Перрон құрылысы созылып кетті
Біздің мәлімет бойынша, Доссор вокзалының перронын салу мәселесі 2022 жылы көтерілген. Перронның тозығы жетіп, пойыздан түскен үлкен кісілер мен балалар биік вагоннан жерге секіріп түсуге мәжбүр болған. Мәселені шешу үшін жаңа перрон салу жоспарланған, бірақ жұмыс 2023 жылы ғана басталды.
2023 жылы көктемде жергілікті БАҚ-тарда «Биыл Мақат пен Доссорда жаңа перрон салынады» деген ақпарат тарады. Онда Мақат кентідегі вокзал перронын күрделі жөндеу үшін жоба құны 319 млн 382 мың теңге болып бекітілгені хабарланды. Шарт бойынша «Сала» ЖШС жобалаушы мекеме болса, «Дос7» ЖШС мердігер болып бекітілді. Перрон ұзындығы 448,8 метр, ені 4 метр. Перрон аумағында 20,5х6 метр болатын әкімшілік ғимарат салу жоспарланған. Сондай-ақ перрон аумағында желілік полиция бөлімі, демалыс бөлмесі, кафе, жүк қоймасы мен әжетхана орналасатын шағын ғимарат. Led шамдары бар 37 дана көше жарығы және 10 отырғыш, 10 дана қоқыс жәшігі қарастырылған.
Біз Мақат аудандық ТКШ және автомобиль жолдары бөлімінің 2022 жылдың 20 маусымында «Таир» ЖШС мекемесімен Доссор кенті вокзал перронын күрделі жөндеу туралы жасасқан шартымен таныстық. Шарт төрт рет өзгерген. Соңғы рет былтыр 17 желтоқсанда жаңартылған. Шарт қосымшасында жұмыстың мерзімі 2025 жылдың соңына дейін аяқталады және жұмысты орындау мерзімі 3 ай деп көрсетілген. Құны, ҚҚС қосқанда 115 млн 294 мың теңге. ҚҚС-сыз – 102 млн 941 мың теңге.
Келісімшарттың жалпы нақты сомасы, яғни мердігерге төленген сомасы - 8 млн 928 мың теңге. Ал жұмыстың техникалық құжаттамасында қосымша құн салығын есептемегенде сатып алуға бөлінген сома 108 млн 359 мың теңге деп көрсетілген.
Шартқа Мақат аудандық ТКШ және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Темірбек ІҢІРБАЙ және компания директоры Бобомурод АБДУЛЛАЕВ қол қойған.
Біз мердігерден комментарий алу үшін ашық дереккөздерде көрсетілген бірнеше ұялы байланыс номеріне хабарластық. Біреуінде телефон тұтқасын көтерген ер адам «компанияға қатысым жоқ» деп қоя салды. Кері қоңырау шалғанымызда тұтқаны көтермеді, телефонға жауап бермеді.
Облыс әкімдігінің баспасөз қызметі жоба түзетуге жіберілген деп, жұмыстарды биыл наурызда бастау жоспарланып отырғанын айтты.
Біз бюджеттен мердігерге қанша төленгенін, қандай жұмыс атқарғанын нақтылауды сұрадық.
«Орындалған жұмыс үшін мердігерге 10 млн теңге төленді. Содан кейін жоба түзетуге кетті. Жалпы сома түзету жұмыстары аяқталғаннан кейін белгілі болады», - деп жауап берді әкімдіктің баспасөз қызметі.
Айнұр САПАРОВА