
Атырау облыстық жедел жәрдем стансасында басшы мен қарамағындағы қызметкер арасындағы іскерлік этика шеңберінен шыққан жанжал Атырау қаласы мен облыс тұрғындарының денсаулығына жауапты қызмет жұмысының келеңсіз фактілерін әшкереледі.
Директордың 15 жылдық тәжірибесі бар емдеу жұмыстары жөніндегі орынбасары Наргиз ӘБДІРАХМАНОВА өзінің тікелей жетекшісі Азамат ЕРБОЛОВ қызметтік жағдайын пайдаланып, жедел медициналық жәрдем көрсету деңгейін жасанды түрде көтеруге тырысып жатқанын хабарлады. Оның айтуынша, жыл бойына қарамағындағыларға шақырту карточкаларындағы мәліметтерді өзгертуге бұйрық беріп жүрген.
«Менің жеке жағдайымда басшы А.Ерболов мен өз құқықтарым мен мүдделерімді қорғап, осы жылдың ақпанынан маусымға дейін штаттан тыс жедел жәрдем маманының жұмысы үшін 30 пайыздық үстеме ақы алу мәселесін көтергенім үшін мені жақтырмай бастады. Сол кезде бұл жұмысымның ақысын алған жоқпын», - дейді Н.Әбдірахманова.
Белгілі болғандай, төлемақы төленбеу ісі екбек инспекция мен департаментінде қаралған. Алайда ақпан айынан бастап Әбдірахмановаға емес, бастығы А.Ерболовқа қосымша 30 пайыз төлеу туралы бұйрық шыққан. Тексеруден кейін еңбек инспекторы ұсынылған құжаттарға қарамастан ешқандай заңбұзушылық таппаған.
Өзара айыптау
Даудың төркініне үңілейік. Еске салсақ, 2024 жылдың басында «Ақ Жайық» «Көмек» жүйесінің қалай кедергі келтіріп отырғанын жазған болатын. Жедел жәрдем станциясының қызметкерлері бағдарламада үнемі ақаулар болып тұратынын мәлімдеді: дерекқорға енгізілген ақпарат толығымен жоғалып, диспетчерді тіпті қайта қоңырау шалып, деректерді нақтылау мүмкіндігінен айырған. Ал жәрдем шақырған пациент өзіне көмек бригадасының келе жатқанына сенімді.
Жедел жәрдем станциясы мен «Көмек» ақпараттық жүйесін пайдалану бойынша Цифрландыру орталығының қызметін тексергеннен кейін бұған аталған екі мекеменің де кінәсі бар екені анықталды. Оның қорытындысы бойынша жедел жәрдем қызметінің жұмысында да, «Көмек» ақпараттық жүйесін пайдалану бойынша Цифрландыру орталығында да кемшіліктер анықталды.
«...Дәрігер ретінде мен мұндай өмірлік маңызды шараларды жүзеге асыратын жедел жәрдемге ақауы бар жүйе жарамсыз екенін түсіндім, - дейді Н.Әбдірахманова. - Басшы 2024 жылдың басында бұл тұжырыммен келіскен, бірақ кейін кенеттен ойын өзгертті.
Мен өз пікірімді белсендірек қорғай бастаған соң, ол тартысты ушықтыратын болды. Басшының соңғы әрекеті - бірінші, суық қабатта орналасқан кабинетімнің есігін алдыртып тастады. «Қақаған қыстың ортасында әріптесім екеуміз үсіп қалмас үшін сырт киіммен жұмыс істейміз», - дейді дәрігер.
Өз кезегінде басшы Азамат Ерболов та қалыспады. Ол Әбдірахманованы «Көмек МАҚ» мәліметтерін бұрмалады деп айыптайды. Бұл мәселе бойынша дәрігерге сөгіс түріндегі тәртіптік жаза берілген.
«Мен оны қудалап жүргенім жоқ. Тағайындалған комиссия құжаттаманы түзетуде бұзушылықтар бар екенін анықтады. Комиссия шешімінің нәтижесінде сөгіс түріндегі тәртіптік жаза берілді.
Мен оның қателіктері туралы Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасы мен Ұлттық қауіпсіздік комитетіне арыз жаздым.
Оның кабинетіне келер болсақ, эстетикалық тұрғыда ғимараттағы барлық есік алынып тасталды», – дейді А.Ерболов.
Алайда, екі тараптың редакцияға жолданған видеолары мен фотосуреттерінде жаңасы ма, ескісі ме, белгісіз, қуғынға ұшыраған директор орынбасарының кабинетінен басқа жерде есіктердің бар екенін көрсетеді. (сурет 1,2)
«Олар өздері шығып кетті»
Жедел жәрдем қызметкерлерінің жұмыстан шығу мәселесін бөлек атап өткен жөн. Егер бұл мекемеде мұндай жағдай орын алса, бұл көбінесе жұмыс орнында әлдеңе дұрыс емес екенін көрсетеді.
Жұмыстан кеткен фельдшерлердің бірі – Зульфия КЕҢЕСБЕКОВА. Ол декреттік демалыс кезінде жұмыстан кетуге мәжбүр болғанын айтты.
А.Ерболов әйелдің жұмыстан кеткенін жоққа шығармады, бірақ оның пікірінше, бұған отбасылық жағдай себеп болған, бұл оның шешімі
«З. Кеңесбекова баласын босанғаннан кейін туған жері Семейге кетті, ал күйеуі қызметтік пәтерде қалған. Менің білуімше, олар ажырасу кезеңінде болған. Күйеуі ол жоқ кезде пәтерді тәулікпен жалға берген. Мұны білген соң пәтерді қайтаруды талап еттім, содан кейін ол келіп жұмыстан кету туралы арыз жазды», - деп түсіндірді Ерболов.
«Ақыл-есі дұрыс адам декреттік демалыста жұмыстан кете ме? Оның мақсаты мен емес, осы пәтер болды, - дейді З.Кеңесбекова өз болжамын әңгімелеп. - Басшым менің жүкті екенімді байқағалы солай ойластырылған деп ойлаймын. Оның пәтерді жалға берген деген сөзіне келсек, бұл жалған. Күйеуім сол пәтерде тұрды. Ол кезде мен шынымен қалада болмадым, ата-анаммен бірге тұрдым, олар маған босанғаннан кейін бөпемді қарасуға көмектесті. Директор мекенжай бойынша қызметтік пәтерге келіп, есікті қаққан, бірақ күйеуім тәулік бойы жұмыста болмағандықтан оған ешкім есік ашпаған. Осыдан кейін пәтерді қайтаруымды талап етті. Жалпы, қоқан-лоққы жасап, қорқыту арқылы жұмыстан шығуға мәжбүр етті».
Өз еркімен жұмыстан кеткен тағы бір адам – Руслан АХМЕТҚАЛИЕВ. Ол станцияда Азаматтық қорғаныс қызметімен бірігу аясында ТЖ азаматтық қорғаныс инженері болып жұмыс істеген.
«Ол жерден кетпес бұрын, Наргиз Әбдірахманованың басынан өткендей оқиғалар менің басымда да болды: кабинетімнің есігінің құлпын ауыстырып тастады, бір күні жұмыс орнымдағы креслоны таппай қалдым. Қажет нәрсені алып қою - бұрынғы бастығым Азамат Әлитұрлыұлының психологиялық қысым жасаудың ең сүйікті әдістерінің бірі.
Штатта екі заңгер бар және олар бірге заңды түрде жұмыстан босатудың жолын ұйымдастырып отыр. Ал жұмыста өзіңе нашар көзқараспен қарайтынын дәлелдеу өте қиын. Мен 2024 жылдың 6 желтоқсанында жұмыстан кеттім. Менің жұмыстан кетуім штатты қысқарту туралы актімен ресімделді».
Өз арызы бойынша жұмыстан кеткендердің қатарында жедел жәрдем көлігінің екі жүргізушісі мен дәрігер Гүлназ ҚЫРЫҚБАЕВА да бар. Оны басшысы медициналық қызметпен айналысу үшін маман сертификатын қолдан жасады деп күдіктенген.
Фельдшер Ербол НАБИДОЛЛАЕВ:
«Жиналыстардың бірінде таңғы шақртуларға кешігіп бару жөнінде теріс пікір айттым. Атап айтқанда, менің ойымша, «карета» жүргізушілері бір уақытта бір жерден жанармай құюға мәжбүр - ереже осындай. Жедел жәрдем көліктерінің есіктерінде ақау бар екенін де айттым.
Жиналыстан кейін көп ұзамай көптен күткен еңбек демалысы басталуы керек еді. Мені кадрлар бөліміне шақырған кезде демалыс уақытын талқылау үшін шақырды деп сенімді болдым. Бірақ менің алдымда еңбек шартын бұзу туралы парақ жатты.
Жедел жәрдем станциясында еңбек еткен сегіз жыл ішінде азаматтық борышымды адал атқардым. Менде ешқандай тәртіптік жаза жоқ, тек жақсы мінездеме берілген. Бірақ мен себепсіз жұмыстан шығарылдым, ақыры менің демалыс ақымды да бермеді. Осы мәселе бойынша Антикорға хат жолдадым».
Қызметтен кеткен тағы бірнеше адам бар, бірақ олар бұл хикаяда бой көрсетуден үзілді-кесілді бас тартты. Айтпақшы, негізінен бәрі 2024 жылы жұмыстан босаған.
«Көмек» жүйесімен танысыңыз
Енді медициналық ақпараттық жүйеге оралайық. Еңбек дауы бөлек мәселе, ал ол бүкіл 103 қызметінің жұмыс сапасына әсер ете бастаса, бұл әлдеқайда қиын жағдай, Өйткені адамдардың өміріне қауіп төнеді.
Редакция құзырына 2023 жылғы құжат түсті. Бұл құжат Атырау облыстық прокуратурасының басшысы Бауыржан ЖҰМАҚАНОВТЫҢ атына 101, 102, 112 және «Көмекпен» бірге 103 қызметтерін қамтитын «EДДС-112» жүйесін жеткізушісі «IT Space» ЖШС бас директоры Е.ТҰРЛЫБАЕВТАН жолданған. ЖШС Атыраудағы жедел жәрдем қызметінің 2021 жылдан бастап өз бағдарламасына астыртын әрекет жасап жатқанын хабарлаған.
«...Ақпараттық жүйе «Атырау облысының Цифрландыру орталығы» КММ балансында болғандықтан, жедел медициналық жәрдем қызметінің жұмысы бойынша келеңсіз көрсеткіштері бар статистика облыс басшылығы мен Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасына қолжетімді болды.
Сонымен қатар, жағымсыз статистиканы жасыру және жедел медициналық жәрдем қызметтерінің шақыртуларға сапасыз қызмет көрсеткені үшін Медициналық сақтандыру қоры тарапынан айыппұл салуды болдырмау мақсатында статистикалық деректер үнемі түзетіліп отырады...».
Хатта 2021 жылдың алғашқы 6 айында 14 924 қоңырау бойынша уақыт көрсеткіштері өзгертіліп, 300 қоңырауда жеделдік санатында жасалған түзетулер анықталғаны айтылады. Бригаданың келіп болмағандықтан пациенттер арасында 13 өлім оқиғасы бар...
«Жүйеге жасалған бұл астыртын әрекет аясында жедел дәрдем станциясының басшылары А.Ерболов пен Н.Әбдірахманова басқа жүйені сатып алуға ашық түрде ниет танытуда. Бұл «Көмек» жүйесінде көптеген кемшіліктер бар деп, фактілерді бұрмалау арқылы жасалып отыр. Жедел жәрдем қызметіне тексеру жүргізуді сұраймыз...».
Яғни, сонау 2023 жылы «Көмек» жеткізушілері директорды да, оның орынбасарын да бұзушылықтар үшін тікелей айыптаған. Бірақ 2024 жылдың аяғына қарай әлдене өзгеріп, «IT Space» ЖШС-нің назарында тек Н.Әбдірахманова ғана қалған.
Әбдірахманованың айтуынша, басшысының араздығы уақыт өте күшейіп, кабинетінің есігі топсасынан алынып, «Көмек» жүйесіне кіру мүмкіндігі бар тіркеу жазбасы бұғатталған.
Бұрмалауды желеу қылып
Әбдірахманованың айтуынша, 2024 жылдың қаңтарында БАҚ-та «Көмек» жүйесіндегі ақаулар туралы мақаладан кейін тексеру жүргізіліп, оның қорытындысы бойынша 477 036 теңгенің 72 ақауы анықталған. Бұл ретте директор А.Ерболов бұл қорытындыға қол қоюдан бас тартқанымен, аталған бұзушылықтарды жою үшін «Көмек» жүйесіндегі шақырту карталарын түзетуге ауызша нұсқау беріпті.
«Көмек жүйесіне деректерді түзету үшін станция қызметкерлеріне тікелей А.Ерболовқа, маған, директордың сапаны бақылау жөніндегі орынбасары Б.Қалиевқа, жедел бөлім меңгерушісі А.Әубәкірге, бас фельдшер Г.Рахметоваға, қалалық қосалқы станциялардың аға фельдшерлері Г.Әубекероваға, С.Тналиеваға, С.Кисимоваға, сонымен қатар статистерге қолжетімді болды. А.Ерболовтың түзету енгізу туралы бұйрығы орындалды, бізге лайық болмаса да бәріміз басшының бұйрығын орындадық, – дейді А.Әбдірахманова. – Сөйтіп 20.04.2024 жылғы № 12/1 медициналық қызметтердің сапасы мен көлемін мониторингілеу туралы қорытындыға сәйкес ақаулар болған жоқ.
Содан бері бұл шақырту карталары директордың нұсқауы бойынша кідірістермен мезгіл-мезгіл түзетіліп отырды. Түсінуіңіз үшін айтайын, дәрігерлердің осындай күрделі де шұғыл жұмыс кезінде еріксіз жіберетін грамматикалық қателері де түзетілді».
«АЖ»-ға белгілі болғандай, 2024 жылғы 14-15 қазанда Маңғыстау облысында республиканың барлық жедел жәрдем басшыларының қатысуымен ҚР Жедел медициналық көмек қауымдастығының үйлестіру кеңесі өтті. Онда 2024 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша ҚР-ның барлық жедел медициналық жәрдем қызметтерінің жұмысы туралы мәліметтер жарияланды. Атырау облысы бірқатар көрсеткіштер бойынша қолайсыз «қызыл аймаққа» кірді: жеделдіктің 1-3 санаты бойынша кешіктірілген қоңыраулар бойынша; ауруханаға дейінгі өлім-жітім көрсеткіштері бойынша; сәтті реанимация көрсеткіштері бойынша және бригадалардың орташа тәуліктік жүктемесі бойынша.
«Басшы сол конференциядан ашулы оралды, ол нашар статистикаға алаңдады. Бұрынғыдай ол 2024 жылдың қаңтарынан бастап кешіктірілген қоңырауларды тағы да түзетуге ауызша нұсқау беріп, бағынбаған жағдайда жұмыстан шығарамын деп қорқытты. Мен бұдан әрі деректерді бұрмалаудан бас тарттым. Бірақ кейін бұған мені айыптады. Осы фактілерді сипаттап, облыстық денсаулық сақтау басқармасына және ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне тексеру жүргізуді сұраған хатым жауапсыз қалды», - дейді директордың орынбасары.
Нысаналы тексеру
2024 жылдың 11 желтоқсанында жедел жәрдем станциясы басшылығының қатысуымен жиналыс өтті. Бас дәрігер жедел жәрдем станциясын пайдаланушылардың «103» желісіне шалған қоңырауларының түзетілуіне қатысты «Көмек» ақпараттық жүйесіне аудит жүргізуді тапсырды. Жүйеге аудитті TOO IT Space компаниясы жүргізді.
«Біздің компанияның мамандары жүйеге аудит жүргізіп, оның нәтижесінде бірнеше тіркеу жазбалары арқылы жасалған шақырту карталарындағы көптеген өзгерістерді анықтады. Атап айтсақ, бас дәрігердің медициналық емдеу жұмыстары жөніндегі орынбасары Н.Әбдірахмановаға бекітілген тіркеу жазбасының бірінен 1500-ден астам шақырту карталары өңделген, – деп жазылған «IT Space» ТОО бас директоры Н.НҰРЛЫБАЕВТЫҢ басшы А. Ерболовқа жазған хатында. - Әбдірахманованың бас дәрігердің орынбасары екенін ескерсек, оның қызметтік жағдайы шақырту параметрлерін өңдеуге мүмкіндік бермейді, сондықтан Әбдірахманованың тіркеу жазбасы уақытша шектелді».
Бір қызығы, жүйе кемінде басқа жеті қолданушыға қолжетімді екеніне қарамастан, «IT Space» тек Әбдірахманованы көздеп жазған.
«Жалпы түсінікті болу үшін, барлық станция қызметкерлеріне «Көмек» қолжетімді, бірақ «Көмекке» қызмет көрсететін IT-компаниясы арқылы тек басшы А.Ерболовқа түзету жасауға рұқсат етіледі».
«Жалпы, бағдарламада олқылықтар көп, себебі кез келген адам менің логинім мен паролім арқылы кез келген компьютерден кіре алады», - деп нақтылады Н.Әбдірахманова.
«IT компаниясынан сұраңыз»
- Директордың орынбасары «Көмек» жүйесіндегі түзетулерге қалай кірген? Бұл рұқсат сіз IT-компаниясына жүгінгенде беріле ме? – деп директор А.Ерболовтан сұрадық.
- «Көмек» рұқсат береді, оған еш қатысым жоқ, - деп жауап берді ол.
– Демек, Н.Әбдірахманова «Көмектен» түзетуге рұқсат алған, сосын олар бұған оны айыптап отыр ма?
– Н.Әбдірахманова өз қызметінде ұзақ жылдар жұмыс істеп келеді, яғни оған қалай кіруді біледі.
- Ал сізге қолжетімді ме?
- Әрине жоқ. ІТ компаниясынан бұл рұқсатты қалай алғанын сұраңыз.
Өкінішке орай, Алматыда орналасқан «IT Space» ЖШС біздің сауалдарымызға жауап бергісі келмей, оларды Атырау 103 қызметіне сілтеді.
«...Қазіргі уақытта мен тек құзырлы органдардың шынайы тексеру жүргізгенін қалаймын. Жедел жәрдем станциясы ешқандай деректер түзетусіз дұрыс жұмыс істеуі керек. Мойындауымыз керек, «Көмектегі» түзетулер мүмкіндігінің өзі оның жетілмегендігін білдіреді, ал Атырау облысын қызыл аймақтан жасанды түрде шығару шешім емес.
Ал А.Ерболов пен оның жұмысына, ұжымына деген көзқарасы – бұл да ұйымдағы ахуалға қатты әсер етеді. Өз міндеттерімізді орындаудың орнына қорқынышпен, болашаққа деген сенімсіздікпен күй кешіп жүрміз.
Жоғарыда оқыған жағдайларға байланысты Сіздерге, Атырау облысының денсаулық сақтау басқармасына, Атырау облысының Цифрландыру орталығына, Қазақстан Республикасы Атырау облысы әкімінің аппаратына жүгінемін.
Осыған жауапты тұлғалардың бұрмалау фактілерін анықтау үшін Денсаулық сақтау және ақпараттық технологиялар министрлігінің тәуелсіз сарапшыларының қатысуымен аталмыш мән-жайлар бойынша қызметтік тексеру жүргізілуін сұраймын», - деп түйіндеді сөзін Наргиз Әбдірахманова.
Ал, Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасында қолда бар ақпарат негізінде комиссия құрылып, барлық фактілер тексерілетін болады.
Анастасия ШЕРСТЯНКИНА
«АЖ» мұрағатынан, Н.Әбдірахманова, А.Ерболовтан алынған суреттер