8-сәуір күні Астанада өткен Қазақстан чемпионатынан облыстық «Бейбарыс» хоккей командасы кубокпен және алтын медальмен оралды. Әуежайда оларды жанкүйерлер мен облыстық әкімдік өкілдері және қаланың спортсүйер қауымы қарсы алды.
Естеріңізде болса, астаналық «Барыс-2» командасымен Атырауда өткен алғашқы екіфиналдық матчтабіздің команда бірдей 2:1 есебімен жеңіп шыққан еді. Ал, чемпион болу үшін төрт жеңіске жету керек болатын.
Астаналық «Қазақстан» спорт кешенінде оларды жылы қабылдады. «Бейбарысқа» қарсы Ресейдегі Континентальды хоккей лигасының чемпионатына қатысқан негізгі команда «Барыс» командасы ойнайтын болды. Мұз бетінде тек шетелден келетін бірнеше легионерлер ғана болған жоқ.
«Бейбарыс» командасының бас бапкері Александр ИСТОМИНойынның қорғаныс бағытына басым көңіл бөлді және бұл жоспар жүзеге асты. 6 сәуір күні болған матчта астаналықтардың жаттықтырушылар штабы мына ойыншыларды: ЛАКИЗ, КАЗАНЦЕВ, ЕРМОЛАЕВ, СОЛАРЕВ, ЖДАНОВ және басқаларды дамылдатпастан қыспаққа алды. Ал, «мәмлүктер» батыл шабуыл жасай отырып, мықты қорғана да білді. Бірінші кезеңнің 13-ші минутында біздің Андрей СМИРНОВ өз серіктестері Сергей ОГОРОДНИКОВПЕН және Евгений АНТОНОВПЕН шайба алмасып, ойнай келіп, матчтың бірден-бір шайбасын қарсылас қақпасына салды.
Төртінші, «Бейбарыс» пен «Барыс-2» арасындағы финалдық соңғы матчта біздің қақпашымыз Мартиныш РАЙТУМС «батыр» атанды. Ол тек қақпадан кездесудің 29-шы минутында ғана шайбаны өткізіп алған болатын. Алайда, бұл бір шайбаның есесін «мәмлүктер» төрт шайба етіп қайтарды. Ойын барысында Александр ЗУБКОВ, Михаил ПАНЬШИН, Евгений ДЕРЯБИН және Андрей ПЕЛЕВИНкөзге түсті. Ойын қорытындысы: 4:1 есеппен аяқталды. «Алтынға» біздің команда ие болды!
Әуежайдағы кездесуде А.Истомин өз мақсаттарына жеткендігін айтты, енді 1 шілдеге дейін демалысқа кетпекші. Кейін командалардың жаңа маусымға дайындығы басталады. Қазақстанның Жоғары лигасы чемпионатындағы жеңіс біздің командаға континентальды хоккей лигасы чемпионатына қатысуға құқық береді.
Демек, бұл Атырауға «Ақ барыс», «Салават Юлаев» және басқа да ресейлік хоккей алыптары келеді деген сөз.
«АЖ» анықтамасы:«Бейбарыс» облыстық хоккей командасы 2009 жылдың ортасында қалада Мұз спорт сарайының құрылысы аяқталғаннан кейін бірден-ақ құрылған болатын. Серов деген Ресей қаласының «Металлург» командасының ойыншылары команданың негізін құрады. 2009-2010 жылдың бірінші маусымында-ақ «Бейбарыс» командасы шайбалы хоккей бойынша өткен Қазақстанның жоғары лигасы чеипионатында күміс жүлдеге ие болды. Міне, енді екінші мәрте өткен ойында «Бейбарыс» чемпион атанды!
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ
Суретті түсірген автор