16 желтоқсанда туған күнін аты аңызға айналған опера әншісі, актриса, педагог Бибігүл Төлегенова атап өтеді. Биыл КСРО халық әртісі, «Отан» орденінің иегері, Алматы қаласының Құрметті азаматы және академик 95 жасқа толады, деп хабарлайды Алматы қаласының әкімдігінің баспасөз қызметі.
Бибігүл Ахметқызын осындай айтулы күнмен құттықтауға Алматы әкімі Ерболат Досаев келді. Ол Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан құттықтау хатты оқыды. Онда ұлттық мәдениеттің дамуына зор үлес қосқан көрнекті өнер қайраткерінің еңбегі атап өтілген.
«Ұзақ жылғы жемісті шығармашылық жолыңыз Сізді абырой биігіне көтерді. Еліміздің алтын қорына мол мұра қалдырдыңыз. Өнегелі де өнерлі шәкірттер тәрбиелеп шығардыңыз. Ерен еңбегіңіздің жоғары мемлекеттік наградалармен, мәртебелі атақтармен және айрықша сыйлықтармен аталып өтуі-зор мерей», - делінген Мемлекет басшысының құттықтауында.
Өз кезегінде Бибігүл Ахметқызы жылы лебіздер үшін алғысын білдіріп, барша қазақстандықтарды Тәуелсіздік күнімен құттықтады.
21 желтоқсан күні сағат 15:00-де Республика Сарайында Бибігүл Төлегенованың 95 жылдығына арналған салтанатты концерт өтеді. Бағдарламада Бибігүл Ахметқызының шығармашылығы шабыт берген, өздері де жетекші жұлдызға айналған көрнекті әртістердің орындауындағы классикалық және қазақ музыкасының ұлы туындылары орындалады.