Қызылорда облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында сотталушы К.-ға қатысты кәмелетке толмаған адамды жезөкшелікпен айналысуға тарту (ҚР ҚК 134-бабы 3-бөлігі 2) тармағы), сондай-ақ сенімді теріс пайдалану жолымен бөтен мүлiкке құқықты иемдену (ҚК 190-бабы 3-бөлігі 4) тармағы) фактілері бойынша қылмыстық іс қаралды, деп хабарлайды соттың баспасөз қызметі.
Сотта анықталғаны: сотталушы, жәбірленуші С.-ның кәмелетке толмағанын біле тұра, бопсалау арқылы оны бірнеше рет жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлеген.
Сонымен қатар, бірнеше рет жәбірленуші К., О., К.Г., Д.-лардың сеніміне қиянат жасап, жер телімдерін бір мезгілде бірнеше тұлғаға сатып, облыстың жергілікті атқарушы органдарына жұмысқа орналастыруға байланысты алаяқтық әрекеттерге барған.
Прокурор сотталушыны кінәлі деп танып, 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айыруды сұрады.
Жәбірленушілер прокурордың пікірімен келісті.
Қорғаушы тарап сотталушыны 134 ҚК 3-бөлігінің 2) тармағы бойынша ақтауды, ал алаяқтық фактісі бойынша бас бостандығынан айырумен байланысты емес жаза тағайындауды сұрады.
Сот шешімі бойынша, сотталушының кінәсі психологиялық-психиатриялық сараптаманың қорытындысымен, жәбірленушілер мен куәлардың айғақтарымен, оқиға болған жерді қарау және беттестіру хаттамаларымен дәлелденді.
Сот жазаны жеңілдететін мән-жайлар ретінде жас балаларының болуын, соттылығының болмауын жатқызды; қылмыстық жауаптылықты ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ.
ҚК-нің 55-бабының 2-бөлігінің 2) тармағына сай, жазаны жеңілдететін мән-жайлар болған және ауырлататын мән-жайлар болмаған кезде, жаза мерзімі ҚК-тің тиісті бабында көзделген ең жоғары мерзімнің 2/3 асыруға болмайды делінген.
Сот үкімімен сотталушы ҚК-нің 134-бабының 3-бөлігінің 2) тармағында және ҚК-нің 190-бабының 3-бөлігінің 4) тармағында көзделген қылмыстарды жасағаны үшін кінәлі деп танылып, қылмыстық құқық бұзушылықтардың жиынтығы бойынша 6 жыл 8 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Қазіргі уақытта облыс соттарының өндірісінде осы жоғарыда аталған кәмелетке толмаған адам жәбірленуші ретінде танылған ҚК-тің 309-бабының 2-тармағы (жеңгетайлық) бойынша 2 іс, ҚК-тің 299- бабының 3-тармағы (есірткі, психотроптық заттарды тұтынуға көндіру) бойынша 1 іс бар.