eGov Mobile мобильді қосымшасында «Qazpost» онлайн сервистері қолжетімді болды. Енді қазақстандықтар шетелдік маркетплейстерден тауарға тапсырыс беріп, қажет болған жағдайда кедендік құжаттарды рәсімдей алады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Ұлттық ақпараттық технологиялар» ақпаратынша, «Qazpost» сервисі халыққа Amazon, AliExpress сияқты әлемдік жетекші платформаларда тауар сатып алуға мүмкіндік береді. Сервистердің ішіне екі бағыт кіреді: Keruen дропшиппинг – АҚШ, Еуропа және Қытайдан жеткізу және Keden – кеден декларациясы.
«Keruen – шетелдегі дүкендерден жеткізу» бөлімінде сәлемдемені жеткізу құны мен мерзімі көрсетіледі. Сонымен қатар, осы бөлімде жеткізу қызметі, соның ішінде үлкен көлемді пакеттерді жеткізу, оның бағасын есептеу калькуляторы, сондай-ақ жиі қойылатын сұрақтарға жауаптар бар. Бұған қоса пайдаланушы Қазпоштаның сәлемдемелерін бақылап отыра алады.
Ал «Keden – кеден қызметтері» бөлімінде бажды есептеу және жиі қойылатын сұрақтармен танысу мүмкіндігі бар. Азаматтарға ыңғайлы болу үшін іздеу жолағы қарастырылған, онда сәлемдеменің трек нөмірі немесе телефон нөмірі бойынша бұрын жіберілген өтінім бойынша толық ақпарат алуға болады.