Атырау, 18 желтоқсан 18:02
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -3
$ 524.66
€ 550.21
₽ 5.09

Қазақстандық белсенділер Каспий теңізін құтқаруға бағытталған жаһандық қозғалыстың тұсауын кесті

236 просмотра

Алматы, Қазақстан, 12 желтоқсан 2024 – Қазақстандық экология белсенділері, ғалымдар жəне қоғамдық пікір көшбасшылары «Save the Caspian Sea» (Каспий теңізін құтқарайық) атты жаңа жаһандық қозғалысты бастап, сол арқылы халықаралық қауымдастықты Каспий теңізінің өсіп келе жатқан экологиялық дағдарысын шешуге шақырады.

Қазақстан, Ресей, Түрікменстан, Иран жəне Əзірбайжанның 270 миллионнан астам халқын асыраған Каспий теңізі бір кездері ең үлкен тұйық су айдыны болды. Алайда қазір оған қауіп төніп тұр. Жыл сайын судың деңгейі алаңдатарлық жылдамдықпен 70 сантиметрге дейін төмендеп, теңіздің Қазақстанға тиесілі жағалау сызығының 18 шақырымға дейін шегінуі байқалуда. Ғасырдың соңына қарай теңіз тағы 18 метрге қысқарады деген болжам бар. Бұл өз кезегінде жағалаудағы тұрғындар, жергілікті экономикалар мен экожүйелер үшін апатты салдарға əкеліп соғады. Қазірдің өзінде дағдарыс сирек кездесетін Каспий итбалықтарының жаппай қырылуынан анық байқалады: соңғы екі жылда 4000-нан астам өлекселердің табылғаны алдағы экологиялық апаттың ауыр көрсеткіші болып табылады.

«Жылдар бойы жүргізілген талқылауларға, өткізілген жиындарға жəне үкіметтік емес ұйымдардың шашыраңқы əрекеттеріне қарамастан, жағдай нашарлап барады. Каспий теңізі маңызды бетбұрыс кезеңде тұр жəне біздің жасайтын таңдауымыз оның болашағын анықтамақ. Мүдделі тараптардың, соның ішінде Каспий жағалауындағы ел үкіметтерінің, өнеркəсіптің жəне қауымдастықтардың күш-жігерін біріктіретін уақыт келді», — деді қоршаған орта жəне климат жөніндегі заңгер, Əлеуметтік-экологиялық қордың директоры жəне «Safe the Caspian Sea» негізін қалаушы Вадим Ни. «Біз Каспий теңізінің болашақ үшін өмір мен өркендеудің көзі болып қалуын қамтамасыз ету мақсатында ынтымақтастықты күшейтуге, ашықтықты сақтауға жəне инвестицияларды тартуға дайынбыз».

Қозғалысты жаһандық серіктестер желісі қолдауда. Солардың арасында «Crude Accountability» ұйымының өкілі Кейт Уоттерс, «Глобус» экологиялық-құқықтық бастама орталығы» үкіметтік емес ұйымының өкілі Галина Чернова жəне «Өндіруші салалардың ашықтығы бастамасы» (ӨСАБ) ұйымынан Татьяна Седова бар. Олар қозғалыс жұмысына корпоративтік жауапкершілікті, биоалуантүрлілікті сақтау жəне ашық басқару бойынша тəжірибе енгізеді деп күтілуде. «Біз аталған дағдарысты шешу үшін жаһандық тəжірибемен жəне керек əлеуетпен бөлісе отырып, əділдікті, ашықтықты жəне əлемдегі ең маңызды экожүйелердің бірін сақтауды талап етеміз», — деді «Crude Accountability» ұйымының атқарушы директоры Кейт Уоттерс.

Қозғалыстың бастамасына арналған іс-шара барысында қоршаған ортаны қорғау жөніндегі жетекші сарапшы жəне науқанның негізгі жақтаушысы Галина Чернова оның өзектілігін атап өтті. «Каспий теңізінің жағдайы – тек өңірлік мəселе емес, жаһандық дағдарыс. Ол экожүйеге, экономикаға жəне теңіз жағалауында тұратын адамдарға əсер етеді. Қазір біз жол айырығында тұрмыз. Бұл қозғалыстың мақсаты тек теңізді немесе жабайы табиғатты құтқаруда ғана емес, планетамыздың тіршілігін, мəдени мұрасын жəне табиғи тепе-теңдігін сақтап қалуда. Біз жағдайды бірге өзгерте аламыз».

«Save the Caspian Sea» қозғалысы табиғатты қорғау жөніндегі зерттеулерді ілгерілетуге баса назар аударады. Сонымен қатар, биоəртүрліліктің жойылуын тоқтатуға жəне қоршаған ортаның ластануын алдын алуға бағытталған бастамаларға қаражат жинауды жоспарлайды. Бұдан басқа, мүдделі тараптардың басын қосып, халықаралық деңгейде шаралар мен ақпараттық-түсіндіру науқандарын ұйымдастырады. Ортақ шешімдерді ілгерілету мақсатында ел үкіметтерімен, үкіметтік емес ұйымдармен жəне корпорациялармен серіктестікті дамытуға ұмтылады.

«Save the Caspian Sea» қозғалысы əлеуметтік жəне дəстүрлі медиа платформаларындағы #SaveTheCaspian хэштегі арқылы жаһандық ақпараттандыру науқанын бастап, дүние жүзіндегі миллиондаған адамдарды қамтуды жоспарлайды. Сол арқылы шешім қабылдаушыларға Каспий экожүйесін сақтау бойынша шұғыл іс-шараларды қолға алуға итермелеуді мақсат етеді.

Қозғалыс туралы ақпарат алу, оған қатысу шарттары туралы білу немесе оның өкілдерімен сұхбат ұйымдастыру үшін www.savethecaspiansea.com сайтына кіруіңізді немесе info@savethecaspiansea.com электронды поштасына хабарласуыңызды сұраймыз.

«Save the Caspian Sea» (SCS) туралы ақпарат

«Save the Caspian Sea» (SCS) – Каспий теңізінің экологиялық мəселелерін шешуге арналған халықаралық қозғалыс. Қозғалыстың басты мақсаты – үгіт-насихат жүргізу, білім беру жəне ынтымақтастық орнату арқылы Каспийдің бірегей экожүйесін сақтап қалу, сонымен қатар оның тұрақты болашағын қамтамасыз ету.

БАҚ өкілдерін Қозғалыс туралы ақпарат таратуға шақырамыз. Сұхбат алу немесе шаралар туралы ақпаратқа қол жеткізу үшін Вадим Ни жəне оның тобымен info@savethecaspiansea.com электронды поштасы арқылы байланысуыңызды сұраймыз.

13 желтоқсан, 09:35

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.