Ұлттық статистика бюросының 2024 жылдың 1 қарашасына дейінгі мәліметіне сәйкес, бүгінде елімізде 20 миллион 243 мыңнан астам адам тұрып жатыр. Оның ішінде қала халқы – 12 727 404 адам, ауылдарда 7 516 577 тұрғын бар, деп хабарлайды Егемен Қазақстан.
Алматы қаласында – 2 280 296, Астанада – 1 511 807, Шымкентте 1 249 581 адам тұрып жатыр. Жыл басынан бері халық саны 190 мыңға артты. Елімізде әйелдердің үлесі басым – 10 342 959, ер адамдар – 9 880 259. Тоғыз айда бала туу көрсеткіші де тәуір, 278,7 мың нәресте өмірге келген. Өлім-жітім де төмендемей тұр – 99,5 мың адам.
Алматы қаласының тұрғындары он бір айда 51 621 адамға артқан. Оның ішінде табиғи өсім – 18 824, көші-қон есебінен 32 797 адам шаһар тұрғыны атанған. Түркістан облысының халқы да көбейіп келеді. Он бір айдың ішінде облыс халқының саны 2 142 171 адамнан 2 154 461 адамға жеткен. Дегенмен бұл өңірде табиғи өсім жоғары болғанымен, көшіп кетушілердің де қатары қалың. Алматы облысында бүгінде 1 554 695 тұрғын бар. Елорда халқының өсу динамикасы да жақсы. Қаңтар айында Астанада 1 430 105 адам тұрса, 1 қарашадағы көрсеткіш – 1 511 807. 11 айда бас қаланың тұрғын саны 81 702 адамға көбейді. Үшінші мегаполис Шымкент қаласының халқы да 11 айдың ішінде 27 515 адамға артқан. Миллионнан астам халқы бар Жамбыл облысында қаңтар айында 1 222 593 тұрғын болса, 1 қарашадағы деректе 1 222 835 адамға жеткен. Қарағанды облысында керісінше халық саны кеміген. Қаңтар айында облыста 1 135 351 тұрғын болса, 1 қарашадағы деректе өңір халқының саны – 1 134 132 адам.
Статистикалық мәлімет бойынша, 11 айда 22 955 адам елімізге көшіп келсе, 11 259 адам елімізден қоныс аударып, көші-қон сальдосы 11 696 адамға жеткен. Былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда елімізге көшіп келушілердің қатары артқан, көшіп кеткендердің саны аз.
Өлім-жітім Солтүстік Қазақстан (11,52 мың), Шығыс Қазақстан (11,32 мың), Қостанай облыстарында (10,12 мың адам) жоғары. Сарапшылар мұны бұл аймақтарда жасы ұлғайған тұрғындардың басымдығымен байланыстырады.