Ауыл шаруашылығы министрлігі 5,4 млрд теңге субсидияны агроөнеркәсіп кешеніне қатысы жоқ тұлғаларға бөлген. Жоғары аудиторлық палата ауыл шаруашылығын субсидиялауға бөлінген мемлекет қаражатын пайдаланудың тиімділігіне аудит жүргізіп, бірқатар заң бұзу фактілерін анықтады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
ЖАП төрағасы Әлихан Смайыловтың айтуынша, бес жыл ішінде субсидиялауға бюджеттен шамамен 2 трлн теңге бөлінген, алайда бірқатар жүйелі проблема олардың әсерін шектеп отыр.
«Субсидиялау көлемі артып келеді, алайда оларды тиімді пайдалану мәселесі шешілген жоқ. Субсидиялаудың нақты басымдықтары белгіленбеген. Бұл субсидия қаражатын көптеген бағытқа шашуға ықпал етеді. 17 бағыт бойынша 67 субсидия түрі бар, ал олардың әсері шамалы. Сонымен қатар нақты нысаналы индикаторлар айқындалмаған. Сарапшылардың бағалауынша, бағыттардың көптігіне байланысты субсидиялардың бірқатары 2 есе аз қаржыландырылады. Көп жағдайда субсидия алуға берілген өтінімдердің орындалуы 2 жылға дейін созылады», - дейді Смайылов Мәжілістің жалпы отырысында.
Ол субсидия алғандарға ешқандай бағалау жүргізілмейтінін атап өтті.
«Мұның бәрі өз қызметін субсидия алғанға дейін немесе одан кейін тоқтатқан 2,5 мыңнан астам субъектіге 5 млрд теңге субсидия төленуіне әкеп соққан. 5,4 млрд теңгеге субсидия алғандардың 3 мыңға жуығы тіпті агроөнеркәсіп кешенінің субъектілері емес. Мұндай жағдайларда субсидиялаудың тиімділігі туралы айтудың өзі де қиын», - дейді ЖАП басшысы.