Премьер-министр Олжас Бектенов «Kazakh Invest» ұлттық компаниясы» АҚ директорлар кеңесінің отырысын өткізді. Жүргізіліп жатқан жұмыс қорытындылары және ұлттық компанияның ел экономикасына одан әрі инвестиция тарту жөніндегі жоспарлары қаралды, деп хабарлайды Ukimet.
«Kazakh Invest» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Ержан Елекеев биыл орталық және жергілікті мемлекеттік органдармен бірлескен жұмыс нәтижесінде 4,8 мыңға жуық жұмыс орнын аша отырып, құны $1,1 млрд-ты құрайтын 22 инвестициялық жоба іске қосылғанын баяндады. Бүгінгі таңда Алматы облысында вольфрам кендерін өңдеу және Алматы қаласында ісікке қарсы бірегей препараттар өндіру кәсіпорындары және басқа да нысандар ашылды.
Сонымен қатар 7 жоба бойынша, оның ішінде Жамбыл облысында 1 ГВт ЖЭС салу, Алматы облысында сүт өнімдерін өндіру, Шымкент қаласында жылыжай кешенін салу бойынша жалпы құны жалпы $2,5 млрд болатын инвестициялық келісімдерге қол қойылды.
Қазақстан экономикасының перспективалы салаларына инвестиция тартудың мақсатты жаңа тәсілі енгізілді. Астықты терең өңдеу, көмір химиясы, мұнай химиясы және мұнай-газ жабдықтарын өндіру секілді 4 бағыт анықталды.
Алдағы үш жылда CHN Energy, Carlsberg, PepsiCo, ULTRADECOR, LASSELSBERGER GROUP сияқты және басқа да компаниялармен бірлесе отырып, ірі жобаларды жүзеге асыру үшін $10 млрд тарту жоспарланып отыр.
Инвестициялық қызметті цифрландыру бойынша ақпарат тыңдалды. Инвестициялық жобаларды барлық кезеңдерде – оларды іске қосудан бастап пайдалануға беру және одан кейінгі үш жылдық мониторингіге дейінгі сүйемелдеудің кешенді экожүйесін құру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Инвесторлармен өзара іс-қимыл «бір терезе» қағидаты бойынша құрылады, сонымен бірге «жасыл дәліз» және «прокурорлық сүзгі» тетіктерінің жұмысы қамтамасыз етіледі.
Отырыс қорытындысы бойынша 2025 жылға арналған жұмыс жоспары бекітілді.