Үкіметте бес ірі көлік-логистикалық хабты жаңғырту барысы талқыланды
Үкімет отырысында көлік инфрақұрылымын жаңғырту, халықаралық дәліздерді дамыту және кедендік рәсімдерді оңайлату жөніндегі шаралар туралы көлік вице-министрі Мақсат Қалиақпаров баяндады.
Ол Каспий торабын дамыту аясында Ақтау және Құрық теңіз порттарын жаңғырту жұмыстары қарқынды жүріп жатқанын хабарлады.
Ақтау портында контейнерлік хаб салу бойынша жобаны іске асыру басталды. Жұмыстың аяқталуы келесі жылдың соңына жоспарланған. Оны іске асыру порттың өткізу мүмкіндігін жылына 250 мың ЖФБ-ға дейін арттыруға мүмкіндік береді. Құрық портына келетін болсақ, биыл қуаты жылына 1 млн тонна болатын жаңа астық терминалы іске қосылды.
Қорғас торабы бойынша «SKYHANSA» ЖШС қазақстандық-германдық бірлескен кәсіпорны жүк-жолаушылар әуежайының жобасын іске асыру бойынша жұмыс бастады. «Қорғас» АЭА аумағында жүк терминалын, кедендік бақылау аймағын, жанармай қоймасын, әуе кемелеріне қызмет көрсетуге арналған авиациялық-техникалық орталықты және жүк әуекомпаниясын қамтитын авиация хабын құру жоспарлануда. Өткізу мүмкіндігін арттыру үшін Алтынкөл стансасын жаңғырту жоспарланған.
Осындай жұмысты Қырғызстанмен шекарада орналасқан Индустриялық сауда-логистикалық кешенде де жүргізу көзделген. Ал «Еуразия» трансшекаралық сауда орталығы мен «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығында өткізу мүмкіндігін арттыру мақсатында «Подстепное – Федоровка» (144 км) автомобиль жолын жөндеу және «Дарбаз – Мақтаарал» (152 км) теміржол желісінің құрылысын жүргізу күтіліп отыр.