Талғар қаласы маңынан 30 жастағы ер адамның денесі табылды. Алдын ала мәліметтерге сәйкес, ол асылып өлген. Бұл туралы облыстық полиция департаменті мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Анықталғандай, марқұм биыл 4 қазанында кісі қолынан қаза тапқан Шерзат Болаттың ағасы болып шықты.
«Аталған факт бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін тергеу амалдары жүргізілуде. Тергеу барысында қылмыстық сипаттағы белгілер табылған жоқ», - делінген хабарламада.
Полицияның мәліметінше, Ш. Болаттың отбасы қайғылы жағдайдан кейін полиция қызметкерлерінің қорғауында болған. Осы уақытқа дейін отбасы мүшелеріне ешқандай қауіп-қатер төнбеген. Қорғауға жауапты қызметкерлердің хабарлауынша, ер адам 23:30 шамасында күзетілетін нысаннан шығып, жеке көлігімен кетіп қалған.
Тергеу мүддесіне байланысты басқа ақпарат жарияланбайды. Қосымша мәліметтер қолжетімді болған жағдайда хабарланады.